Владимир Ким «Наурыз» корпорациясының иесіне айналды

Көркем Алдабергенова 20 қаң. 2026 09:06

«Қазақмыс» компаниясының бұрынғы иесі Владимир Ким ондаған миллиард теңгеге бағаланатын активтері бар «Наурыз» корпорациясы» ЖШС-нің тікелей меншік иесі атанды. Бұл туралы «Выход к морю» Telegram-арнасы жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін Ким компанияны Нидерландта тіркелген Noord Holland Trading және Лихтенштейндегі офшорлық Woodbridge Foundation арқылы бақылап келген. Ақпаратқа сәйкес, меншік құрылымының өзгеруі былтырғы желтоқсан айында жүзеге асқан.

Алматы маңындағы қымбат жерлер

«Наурыз» корпорациясы және оның еншілес ұйымы - «Алмалы» корпорациясы Алматы қаласының тау бөктеріндегі ірі жер телімдеріне иелік етеді. Бұл активтердің жалпы құны 50 млрд теңгеден асады.

Атап айтқанда, компаниялар бұрынғы Назарбаев резиденциясы орналасқан аумақтағы 50 гектар жерге ие.

Shishkin_like редакциясының мәліметінше, «Наурыздың» балансында бірқатар заңдық және жекешелендіру рәсімдері нәтижесінде, жеңілдетілген шарттармен алынған Президент іс басқармасы мен Үкіметтің бұрынғы шаруашылық басқармасына тиесілі мемлекеттік активтер болған. Кейін бұл мүліктің бір бөлігі Қайрат Сатыбалдыға қарасты құрылымдардың иелігіне өткен.

Байланыс енді ресми расталды

Активтердің Владимир Кимнің тікелей бақылауына өтуі оның корпорациямен байланысын ресми түрде растады. Бұған дейін бұл байланыс тек жанама деректер арқылы белгілі болған.

«Наурыздың» бұрынғы иелері қатарында болған Noord Holland Trading компаниясы мен Лихтенштейндік Woodbridge Foundation Кимнің қаржылық операцияларына пайдаланылған. Мәселен, дәл осы құрылымдар арқылы Алматыдағы «Алатау» шипажайы (қазіргі Swissotel Wellness Resort) 50 млн долларға сатылған. Бұл сома нысанның нарықтағы бағасынан едәуір төмен болған.

Мемлекеттен қорғау ма, әлде сатуға дайындық па?

Сарапшылар «Наурыз» корпорациясындағы меншік құрылымының өзгеруін элиталық аудандардағы жылжымайтын мүлікті мемлекет пайдасына алып қоюдан қорғау әрекетімен байланыстыруы мүмкін екенін айтады.

Өткен жылы сот шешімімен «Алмалы» корпорациясынан 72 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылған. Бұл ретте шетелдік заңды тұлғаларға шекара маңындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді иеленуге тыйым салынғаны негізге алынған.

Сонымен қатар, меншік иесінің ауысуы активтерді болашақта сату жоспарымен де байланысты болуы мүмкін. Мұндай схема бұған дейін «Қазақмысты» Нұрлан Артықбаевқа сатар алдында қолданылғаны атап өтіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove