Ұлытау облысында той кортежіне қатысқан 8 жүргізуші ұсталды

Ұлытау облысында той кортежіне қатысқан 8 жүргізуші ұсталды
ІІМ

Ұлытау облысында жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлытау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг барысында Жәйрем кентіндегі мейрамханалардың бірінде өткен үйлену тойына байланысты ұйымдастырылған көліктер колоннасы жол қозғалысы қағидаларын бұзғанын анықтады.

Жүргізілген тексеріс барысында колоннаны ұйымдастырған адам анықталып, оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған 8 көлік жүргізушісі анықталып, барлық көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.

"Тәртіп бұзушыларға қатысты барлығы 22 әкімшілік хаттама рәсімделді: ұсақ бұзақылық жасау, жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздік белдігін тақпауы, қарсы қозғалыс жолағына шығу, көлікті пайдалану қағидаларын бұзу, көлікті пайдалану кезінде белгіленген талаптарды сақтамау, жол қозғалысының өзге қатысушыларына жол апаты жағдайын туғызу, сондай-ақ, жаяу жүргіншілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы қағидаларын бұзуы және басқа да әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталды", - деді полиция.