Ұзақ үнсіздіктен кейін Алмазбек Атамбаев мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 12 қар. 2025 14:13

Ұзақ үнсіздіктен кейін Алмазбек Атамбаев Қырғызстан энергетикасының жағдайына арналған эмоциялық жазба жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz 24.kg сайтының сараптамасына сілтеме жасап. 

Атамбаевтың жазбасының негізгі мазмұны – өзіне тән сарында: «барлық саясаткер жаман, ал мен ғана дұрыс едім». Яғни, оның айтуынша, билігі тұсында энергетика саласы «қайта қалпына келтіріліп, нығайтылған», ал қазір бәрі 2010 жылғы деңгейге құлдыраған.

Бұрынғы президенттің мұндай мәлімдемелерін елемеуге де болар еді, егер мәселе халық үшін аса өзекті болмағанда. Қыстың таяп қалған кезінде Энергетика министрлігі электр қуатын үнемдеуге шақырып, уақытша өшірулер болуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Ал осы тұста жылы Испанияда отырған Атамбаев әлеуметтік желілердегі жағдайды одан сайын «қыздырып» жіберді.

Бірақ оның сөздерінің астарында нақты қарастыруды қажет ететін бірқатар қайшылықтар жатыр.

Атамбаев билікте болған жылдары расында да бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асқан. Мысалы, «Датка – Кемин» желісі салынды, Бішкек жылу электр орталығы жаңартылды (бәрінің есінде – 600 долларлық қысқыштар). Алайда бұл жобалар Атамбаевтың командасы әзірлеген бастамалар емес еді. Дегенмен олар елдің энергетикалық тәуелсіздігін арттыруда маңызды қадам болды.

"Соған қарамастан, Атамбаев кезеңін Қырғыз энергетикасының «алтын ғасыры» деп атау - тым әсірелеу.

Саладағы жүйелі проблемалар: энергияның үлкен шығыны, тарифтердің ашық болмауы, жабдықтардың ескіруі, мамандардың кетуі - шешілмей, керісінше, тереңдей түсті. Бірақ Атамбаевтың жолы болды: оның президенттігі гидрологиялық тұрғыдан қолайлы жылдарға тұспа-тұс келді, яғни Токтогул су қоймасында су жеткілікті болды. Экономика мен құрылыс қарқыны да төмен еді, сондықтан электр энергиясына сұраныс аз болатын. Осылайша, энергетикадағы мәселелер халыққа онша байқалмады. Сала мамандары оларды жақсы білсе де, көпшілікке бұл көрінген жоқ".

2025 жылғы энергетика мен 2013 жылды салыстыруға бола ма?

Басылым қазіргі жағдайды он жыл бұрынғы кезеңмен салыстыру – қисынсыз екенін атап өтті. Бірақ Атамбаевтың мақсаты шынайы талдау емес еді. Ол өз билігі тұсында бәрі «жақсы, жарық және тоқ» болғанын айтып, кейінгі онжылдықта не өзгергенін ескермеді.

Соңғы жылдары Қырғызстанда электр тұтыну ондаған пайызға артты. Урбанизация күшейді, жаңа өндіріс орындары мен IT-сектор өсті. Сонымен бірге климат өзгеріп, ыстық күндер көбейді, Токтогул су қоймасындағы су деңгейі төмендеп, ағын тұрақсыз бола бастады.

Бұл факторлардың бәрі билік кім болса да, жүйеге қысым түсіріп отыр.

Яғни, мәселе «нашар басқаруда» емес, энергетика жүйесінің ұзақ жылдар бойы стратегиялық қорсыз жұмыс істеуінде. Бұл бір үкіметтің емес, соңғы жиырма жылдағы барлық биліктің, соның ішінде Атамбаев кезеңінің де «мұрасы».

Айтпақшы, соңғы жылдары елде іске қосылған шағын және орта су электр станцияларының саны Атамбаев тұсындағыдан бірнеше есе көп. Энергетика қазір өз даму бағытын айқындап, жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін, жетіспеушіліктерді өтейтін және су электрін баламалы энергия көздерімен толықтыратын нақты жобалар әзірленіп жатыр. Бірақ бұл туралы Атамбаев тіс жармайды.

Саяси риторика немесе бос айқай

Басылым Атамбаевтың жазбасы – талдау емес, саясат екенін жазады. Оның мәтінінде эмоция мен айыптау көп, бірақ нақты шешімдер жоқ.

Мысалы, ол электр энергиясын экспорттауды және майнингтің дамуын сынайды, бірақ бұл саланың табысын қалай өтеу керегін ұсынбайды. Министрді сынайды, бірақ модернизация, жаңа ЖЭО салу, тариф реформасы сияқты техникалық шешімдер туралы тіс жармайды.

Осылайша, энергетика сияқты маңызды кәсіби тақырып саяси айқас құралына айналып отыр.

Нәтижесінде бұдан бәрі ұтылады - мамандар да, қарапайым азаматтар да, саланың өзі де. Тіпті Атамбаевтың өзі де.

"Біріншіден, интернет бәрін есте сақтайды: бұрынғы президент өзін энергетиканы құтқарған тұлға ретінде көрсетуге тырысқанымен, аз ғана ізденіспен шындықты білуге болады. Екіншіден, саясаткер өткенге қарап «бәрін бұрынғыдай етейік» десе, ол тек ностальгияға сүйенеді. Ал ностальгия мен өкпе - экономикада нашар кеңесші.

Ең соңында, Атамбаевтың жазбасын оқыған соң, оқырманда біртүрлі сезім қалады - аяныш пен күйініш аралас. Өйткені ол даналықтың орнына - өкпе, сабырдың орнына - кекшілдік көрсетіп отыр", - делінген материалда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар