Солтүстік Қазақстан облысының Ольшанка ауылында өрттен көз жұмған бес жасар қыздың анасы қамауға алынды. Бұл туралы Сенат дәлізінде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, әйелге қатысты кәмелетке толмаған баланы қауіпті жағдайда қалдыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Солтүстік Қазақстан облысында анасы баласын үйде жалғыз қалдырған, кейін өрт шыққан. Осы дерек бойынша баланы қауіпті жағдайда қалдыру бабымен қылмыстық іс тіркелді. СҚО тұрғыны қамауға алынды", – деді Санжар Әділов.
Еске салайық, бұған дейін СҚО-да бес жасар қыз құлыптаулы үйде тірідей жанып кеткені хабарланды.
Оқиға 18 қаңтарда кешкі уақытта Ольшанка ауылында болған. Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде үйді от толық шарпыған, ал шатыр опырылып түскен. Өртті сөндіру кезінде үй ішінен бала табылған.
