Ақтауда әйел жүктілік туралы жалған анықтама арқылы жазадан жалтармақ болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция қызметкерлері көлікті масаң күйде басқарған әйелге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырған. Бұл үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасы көзделген.
Істі қарау барысында құқық бұзушы сотқа жүктілік туралы дәрігердің анықтамасын ұсынған. Осыған байланысты сот оны әкімшілік қамақтан босатып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны ғана тағайындаған.
Ақтау прокуратурасы тексеріс барысында жүктілік туралы анықтама жалған екенін анықтаған. Прокурордың өтінішхаты бойынша Маңғыстау облыстық соты бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгертіп, оған 15 тәулікке қамаққа алу жазасын тағайындады.
Медициналық құжатты қолдан жасау, оны пайдалану дерегі бойынша медицина қызметкері мен құқық бұзушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды.