Үштілді оқыту шетелдегі қандастар үшін тиімді ме?

Dalanews 28 мау. 2016 10:41 642

Осы үш тілді білім беру реформасын бастаймыз деген әңгіме шыққалы, ел құлағы елеңдеулі, соңы не болар екен деп?. Мешін жылы қазаққа үш мәселені табағымен тартты. Ол жер, дін, тіл. Енді осы үшеуі еліміздің көші-қон саясатына, нақтырақ айтсақ шеттен келетін қандастарымызға қалай әсер етеді.


«Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» дегендей өздеріне келетін мәселе болмаған соң осыны ойлап жатқан жан аз. Ал жергілікті қазақ өздеріне қатыссыз деп ойланбай жүр дейік. Онда алды 60 жылдары келген, соңы келгелі 25 жыл болған сол оралмандардың өз өкілдері қайда? Тек әлеуметтік желіден жекелей екі-үш белсендісінің осы үш мәселенің мойнын қылтитқанын анда-санда оқып қаламыз. Басқа үн жоқ, анау сайлау кезінде саңырауқұлақтай қаптап кететін «қалаулылары» мен атынан ат үркетін адамдардың атына құрлыған қорларының біреуі үстіміздегі мешін жылы аталған мәселелерге (әсіресе жер және үш тілді білім беру реформасы) қатысты а деп ауыз ашқанын естімедік.
Енді не де болса көкейдегі биылғы хит мәселелердің ішінде үш тілді оқытудың қандастарға қандай келіп-кетері бар екенін өз әлімізше қағазға түсіріп көрейік. Қалған екеуін тағы құдай бұйырса алда жазармыз.
Ал бірінші сыныптан бастап үш тілде білім бере бастадық делік. Сосын бірінші сыныпта баланың басы «ботқа» болып кетпесін, бала бақшадан бастап тіл үйрете берейік деп бір дәнышпан шығады, ата-ана ия, жеңіл болады деп ереді. Ал сырттан келетін қандастар ше ?Бәрі бірдей жас отау емес немесе баласы бірінші сыныпқа барудан бұрын келе қоймайды. Өзіміз көріп жүргендей көбі жол ортадан қосылады.
Мектептерге сырттан келген балаға бірінші кезекте ортасына психологиялық бейімделу керек. Оның алғышарты баланың қатарластары алдында күлкі болмай, олармен тең немесе олардан жақсы оқуы. Сонда ғана досы көбейіп, ортаға сіңіп кетеді. Ал үш тілді мектепке шетелден келген қазақ баласын елестетіңіз? Әсіресе, қытайласу саясаты күшіне мінген Қытайдан келген қандас бала. Ол жақтағы қазақ тілінің мүшкіл халін туысшылап келгендердің балаларының әрең қазақша қайырып тұрғанынан көріп жүрміз. Шынын айтқанда, енді шетелден келетін қазақ балалары қазақ тілін тұрмыстық деңгейден жоғары білмейді, яғни қазақша берілетін сабақтарды әрең түсінеді, ал ағылшынша Қытай, Моңғұл, Өзбекстанда негізінен шет тілі ретінде оқытылатындықтан, біздегі министрлік ұсынып отырған ағылшынша өтілетін пәндерді олар құлақ молдасы ретінде тыңдайды. Ал орысша... ойбай атамаңыз. Болды, бітті ! Бала ,біріншінден, жазу білмейді, екіншден, тіл білмейді, үшіншден, сабақ білмейді. Сонымен ата-анасы не дейді? Келген жеріне қарай қайта қайқаяйық дейді. Нәтижесінде Қазақстанға барсақ баламыз сауатсыз болады дейді де, ешкім көшіп келмейді.
Ал жоғары оқу орындарына келетіндер ше? Олар үшін жағдай тіпті қиын болары анық. Екі түрлі менталитет, айналасында мүлдем басқаша ойлайтындар, бұл оқуға түскеннен кейінгі мәселе екен ғой. Әуелі сол сырттан келген қандастар студент атана ала ма? Үш тілде білім беруді бастаған жүйе, емтиханды да үш тілде алары хақ. Ал олар ондай сынақ түгіл, біздің қазіргі қазақ тілді кешенді тестке әрең дайындалып жүр. Сонымен олар мемлекеттік тапсырыстан (сырттан келген қандастарға бөлінген 2%-дық жеңілдік) қағылады. А, айтпақшы, болашақта грант деген болмайды деп жатыр екен ғой. Жарайды, ақылы, біздегі ақылы оқудың бағасы биыл әркім армандайтын кейбір жоғары оқу орындарында бакалавриатқа жылына 800 мың теңгеден асты, бұл сома тағы жыл сайын өспесе, кемімесі анық. Сонымен баласын кім шыдап барлық тұрмыстық шығынын қоса ақылы оқыта алады. Шеттен келген қазақ түгілі, өзіміздің ауылда отырған ағайынның бұған келгенде жағдайы белгілі. Әй, айтеу, сол Қазақстанға барып адам болсыншы, өз елінде білім алсыншы деп, оған да көнер. Алайда, сол тілектің орындалмасын білеміз. Жоғары оқу орындада үш тіл, ол жерде мектептегі секілді бала ғой, үйреніп кетер деп маңдайынан сипап, кәмелетке толмаған балаға мектеп жауапты деген үлкен қалпақтың астында жұмыс жасап жүрген адам аз. Білсең бес, білмесең екі, отыр, болды. Себебі үш тіл сол. Бұл желдей есіп жүрген жоғары оқу орындарында сабақтар қазақша 50%, ағылшынша 30%, орысша 20% өтіледі деген сыбыстың нақтылы көрінісі. Алдыңғы екеуін ептеп жабар, соңғысы жабуға келмейді-ау. Соңында сабақ білмейтін студент оқудан шығады, еліне не жұмыс іздеп базар жағалап кетеді.
Тоқсан ауыз сөздің түйіні: әр адам ұрпағы үшін өмір сүретіні анық. Қазақстанға барсақ баламыз сауатсыз болады деп ешкім көшіп келмейді, барсам оқи алмаймын деп ешкім келіп оқымайды (бізден гөрі оларға Батысқа барып оқу тиімді болады). Ақыр соңында үш тілді білім беру жүйесіне көшу - қазақтың көшін біржолата тоқтатқан және сырттағы 5 миллион қазақтың тұрып жатқан еліне сіңіп, жоғалып кетуін жеделдеткен шара болып тарихта (ел ішінде жасайтын тарихы одан да қауіпті) қалатын болады.


Көктегін Адуынгер


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар