Жеңіске жеткен нұротандықтардың 47%-ы – жаңа тұлғалар, оның ішінде білім беру саласының өкілдері, кәсіпкерлер, фермерлер бар. Орташа жасы – 46 жас. Әйелдер – 10%, 35 жасқа дейінгі жастар саны – 18%. Көпшілігі бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партияішілік праймериздің қатысушылары.
– 2021 жылғы 25 шілдеде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша өткен ауыл әкімдерін тікелей сайлау партиялардың жергілікті жерлерде халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуіне жүйелі серпін берді. Бәсекелі күрес нәтижесінде нұротандықтар сайлау округтерінің басым көпшілігінде жеңіске жетті. Сонымен бірге, өзін-өзі ұсынғандар және басқа 5 партияның өкілдері де әкім болып сайланды. Осылайша, барлық деңгейлерде пропорционалды сайлау жүйесіне көшу партиялардың институционалдық маңызы мен рөлін нығайтты. Кең тұрғыдан алғанда, бұл сайлау азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысуын жандандыруға, сондай-ақ есеп беретін мемлекетті қалыптастыруға бағытталған, Елбасы ұсынған 5 институционалды реформаның нақты іске асырылуын растады, – деп атап өтті билеуші партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұған дейінгі өзінің «Партиялық жүйе – мемлекеттіліктің институционалдық тірегі» атты мақаласында.
Еске сала кетейік, биыл ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы 864 ауылдық округте өтті. Оның ішінде 730 әкім 25 шілдеде, тағы 134 әкім тамыз – желтоқсан айлары аралығында сайланды.
«Ақ жол» Демократиялық партиясы, Қазақстанның Халық партиясы, «Adal», «Ауыл» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партияларының кандидаттары ауылдық округтердің 8,5%-ында жеңіске жетті. Ауылдық округтердің 4%-ында бірде-бір партияның өкілі болып табылмайтын өзін-өзі ұсынған үміткерлер сайланды.
Партия баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, «Nur Otan» партиясының барлық кандидаттары партияның Саяси менеджмент мектебі базасында семинарлардан өтіп, қажетті ұйымдастырушылық, әдіснамалық және басқа да қолдаумен қамтамасыз етілді. Әрқайсысының өз сайлауалды бағдарламасы бар, ол партияның қолдауымен аумақтардың мүмкіндіктерін ескере отырып, тиісті ресурстармен қамтамасыз етілген.