Ұшақта денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова көмектескен жолаушы - белгілі журналист Гүлмира Әбіқай болып шыққан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы журналистің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"Қоғам пікірі екіге жарылыпты: бұл дайындалған сценарий, PR десе, келесі топ енді министрден бұрын дәрігер ғой, дұрыс жасаған дейді. Ал, мен дәл осы рейсте, эконом класта 17J орындa отырған жолаушы ретінде денсаулығым кенет сыр бергенде шын жанашыр болған барша жақсы жандарға алғыс айтқым келеді", - дейді журналист.
Еске салайық, күні кеше әлеуметтік желіде денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұшақта жағдайы күрт нашарлаған жолаушыға алғашқы көмек көрсеткенін хабарлаған едік.
Оқиға Астана – Алматы бағытына ұшатын рейсте болған.
Оқиғаға куә болған жолаушының әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, жағдай таңертең, ұшақ әлі ұшуға дайындалып жатқан сәтте болған. Жолаушы қыздың халі күрт нашарлап, ол дәрігерді шақырған.
