Үш адамның өмірін жалмаған әл-Фарабидегі жол апаты: Алматыда рейдтік шаралар күшейтілді

Сағыныш Сардарова 26 нау. 2026 10:07

Алматы Полиция департаменті мәліметінше, жолдағы жағдайды тұрақтандыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында саптық бөлімшелер рейд жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үш тәулік ішінде қалада жол қозғалысы ережесін бұзудың 5 мыңнан аса дерегі анықталған.

"Мас күйде көлік басқарған 43 жүргізуші ұсталып, олар көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар, 369 адам көлікті тиісті құжаттарсыз тізгіндегені белгілі болды. 94 көлік арнайы айып тұрағына қойылды", - деді полиция.

Полиция қызметкерлері түнгі жарыстарды анықтап, олардың жолын кескен. Бұдан бөлек, жылдамдықты шамадан тыс арттырудың 2 мыңнан аса дерегі тіркелген.

Ведомство ақпаратына сүйенсек, кейбір жүргізушілер өз әрекетін әдейі видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялайды. Полиция мұндай адамдар анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove