USAID жобалары неліктен қысқарып жатыр? Саясаттанушы саяси астарына тоқталды

Қаракөз Амантай 06 ақп. 2025 12:10 1517

Қазақстандық сарапшы Ғазиз Әбішев USAID жобаларының бір бөлігінің қысқаруы жайлы пікір білдіре отырып, халықаралық ұйымдар мен қорлардың әлеуметтік бағыттағы бастамаларын қолдайтынын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәселе, оның ойынша, саяси сипаттағы немесе саясилануы ықтимал бағдарламаларда жатыр. Мұндай жобалар сырттай қоғамдық игілікті көздейтіндей көрінгенімен, шын мәнінде саяси ықпал немесе қысым көрсету құралына айналып кетуі мүмкін.

Сарапшы USAID не өзге де америкалық құрылымдар қаржыландыратын жобалардың үш түрлі мүдделі тобы барын атап өтті.

"Біріншісі – идеяны шынайы қолдайтын әрі оны қандай жағдай болмасын жүзеге асыра беретін азаматтар. Екіншісі – сенімі АҚШ-тың құндылықтарымен үйлесетін, алайда жеткілікті ресурссыз қалғандар. Ал үшіншісі – жеке амбициясы басым, принципке емес, грант беруішінің талабы мен күн тәртібіне бейімделетіндер", - дейді ол.

Әбішевтің айтуынша, сырт көзге бұл топтарды ажырату оңай емес, бірақ олардың саяси және адамгершілік ұстанымдары айтарлықтай әртүрлі.

"Тағы бір мәселе – шетелдік грантты игерушілердің кейбірі өздерін басқалардан "биік" санап, өзгеше пікір айтқандарға менсінбей қарауға бейім. Егер олар шын сеніммен әрекет етсе - қисынды, ал егер тек қаржы мүддесі үшін іске кіріссе, күмән тудырады", - деп қосты ол.

Сол себепті сарапшының пікірінше, бәрін бірдей "игі мақсат жолында" әрекет етіп жатыр деп санау - қате.

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, АҚШ-тың өз ішінде де (мысалы, мемлекеттік хатшы Рубионың сыны) USAID сияқты ұйымдардың саяси мазмұндағы жобаларына қатысты кәсіби және саяси сауалдар көбейген.

"Ендеше, "жоғарыда" күмән туғызған бастамалар бойынша сұрақтар Қазақстан қоғамы мен билігі тарапынан да қойылуы мүмкін", - дейді ол.

Дегенмен, сарапшының пайымдауынша, USAID-тің бірқатар әлеуметтік-даму жобалары алдағы уақытта басқа формада болсын, қайта жанданады. Ал егер гранттық бағдарламалардың іріктеу жүйесінде олқылық анықталса, тиісті өзгеріс енгізілуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар