Абай облысындағы жантүршігерлік апатта қаза тапқан балалардың әкесі жауапқа тек жүргізушіні ғана емес, оған «сау» деген анықтама бергендерді де тартуды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Соттың алғашқы отырысында жапа шеккен балалардың әкесі Ернар Булаббаев жауапкершілікке тек жүргізуші ғана емес, денсаулығына қарамастан оны көлік жүргізуге жібергендер де тартылуы тиіс екенін мәлімдеді.
«Алдымен ол ауырмаймын деді, кейін ауырамын деді. Есепте тұрмаймын деп айтты. Жүргізуші куәлігін ауыстырған кезде өзін сау деп жалған анықтама берген. Бірақ бұл анықтаманы кім бергенін, куәлікті кім рәсімдегенін айтпады. Сол адамды тауып, жазалау керек. Басты талабымыз осы», - дейді ол.
Еске сала кетсек, 19 тамызда Абай облысының Үржар ауданында 55 жастағы жүргізуші үйдің қақпасы маңында ойнап жүрген алты баланы көлікпен қағып кеткен еді. Сол сәтте үшеуі - екі, бес және сегіз жастағы балалар оқиға орнында қаза тапты. Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алды.
Көлік жүргізушісі екі айға қамауға алынды. Оның туыстарының айтуынша, апатқа жүрек талмасы себеп болған.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен екі бала ауруханадан шыққаны туралы мәлімдеген еді.
