Абай облысы Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында алты баланы қағып кеткен жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта көлік жүргізушісі соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол қаза тапқан және зардап шеккен балалардың ата-аналарынан кешірім сұрады.
"Мен жасаған қылмысты толық мойындаймын және оның бүкіл жауапкершілігін өз мойныма аламын. Барлығыңыздан кешірім сұраймын. Мұндай қайғы ешкімнің басына тумасын", — деді айыпталушы.
Еске салайық, бұған дейін прокурор балаларды қағып кеткен жүргізушіні 9,5 жылға соттауды сұрады.
Кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға 9 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Бұған дейін прокурор сотта жаңартылған айыптау актісін ұсынған. Онда айыпталушының кінәсін толық мойындауы жеңілдететін мән-жай ретінде көрсетілген. Ал қылмыстың кәмелетке толмағандарға қатысты жасалуы жауапкершілікті ауырлататын жағдай ретінде бағаланған.
Айта кетейік, 19 тамызда Абай облысының Үржар ауданында 55 жастағы жүргізуші үйдің қақпасы маңында ойнап жүрген алты баланы көлікпен қағып кеткен еді. Сол сәтте үшеуі - екі, бес және сегіз жастағы балалар оқиға орнында қаза тапты. Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алды.
Көлік жүргізушісі екі айға қамауға алынды. Оның туыстарының айтуынша, апатқа жүрек талмасы себеп болған.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен екі бала ауруханадан шыққаны туралы мәлімдеген еді.
