Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаевтың ұсталуына байланысты ресми ақпарат таратты, деп хабарлайды Dalanews.kz politico сайтына сілтеме жасап.
Комитеттің мәліметінше, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, іс бойынша өзге мәліметтер жария етілмейді", - деп хабарлады ҰҚК.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыты бойынша арнайы операция өткізілгені туралы ақпарат тараған еді. Ресми емес дереккөздер Қуат Қарабайұлы Ақшабаевтың 28 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінгенін мәлімдеп отыр.
Айта кетейік, Қуат Ақшабаев Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметіне 2025 жылдың ақпан айында ғана тағайындалған болатын. 1986 жылы дүниеге келген шенеунік бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары, Рахат ауылдық округінің әкімі, сондай-ақ Есік қаласы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған.
Еңбек жолын есепшілік қызметтен бастаған ол кейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да жұмыс істеген.
