“Үнемдеудің соңы қиындыққа әкелуі мүмкін”. Аймағамбетов Назарбаев Университетіндегі өзгерістерге пікір білдірді

Қаракөз Амантай 05 мау. 2025 15:36

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Назарбаев Университетіндегі білім беру, мемлекеттік саясат және бизнес мектептерін біріктіру туралы ұсынысқа алаңдаушылық білдірді. Бұл пікірін ол Мәжілістегі Комитет отырысында айтты. Онда 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі Үкімет есебі аясында университет жұмысы қаралған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аймағамбетовтың айтуынша, университетке бөлінетін қаржы көлемінің қысқаруына байланысты оңтайландыру мәселесі туындаған. Алайда депутат сапа, академиялық еркіндік және халықаралық бедел үнемдеу саясатының құрбаны болмауы тиіс деп есептейді.

“Біріктіру идеясы оптимизмнен гөрі алаңдаушылық туғызады. Мәселен, GSE қазіргі таңда әлемдік үздік 200 оқу орны қатарына енсе, GSPP мен GSB — 600–800 қатарда. Біріктіру нәтижесінде жалпы рейтинг төмендеп, университеттің беделі мен тартымдылығы әлсіреуі мүмкін. Білім беру мектебінің (GSE) бірегейлігі қатерге ұшырайды. GSE – Қазақстандағы білім саласындағы сапалы зерттеулермен танылған санаулы академиялық брендтердің бірі. Бірігу оның өзіндік ерекшелігін жоюы ықтимал.”, — деді депутат.

Сондай-ақ ол әр мектептің өз академиялық мәдениеті мен халықаралық аккредитация талаптары бар екенін атап өтті. Дисциплинарлық фокус пен зерттеу бағыттарының бұлыңғырлануы халықаралық гранттар мен кадрлық әлеуетке де кері әсер етуі мүмкін.

“Академиялық мәдениеттер әртүрлі. Осындай әртүрлі тәсілдерді араластыру көбінесе қақтығыстарға, мақсаттан ауытқуға және академиялық ортаға нұқсан келтіреді.

Аккредитация тәуекелі бар. Әр мектеп халықаралық аккредитациядан өз стандарттары бойынша өтеді: AACSB, педагогикалық және зерттеу талаптары. Біріктірілген құрылым бұл талаптарға сай болмау қаупін төндіреді. Әр түрлі салалардың өзара байланысы тартымды идея болғанымен, айқын идентичность пен фокустың жоқтығынан академиялық тереңдіктің жоғалуы мүмкін. Бұны толық біріктірусіз де, ортақ бағдарламалар мен жобалар арқылы дамытуға болады”, — деп ескертті Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол GSE-ні нөлден бастап құрған оқытушылар автономияның, академиялық ортаның және даму мүмкіндіктерінің жоғалуына байланысты кетуі мүмкін екенін де жеткізді.

“Қазіргі таңда жаңа университеттер ашылып жатқанын ескерсек, студенттер, зерттеушілер мен гранттар да олармен бірге кетуі мүмкін”, — деп қосты ол.

Депутаттың пікірінше, біріктіру үнемдеуге кепілдік бермейді.

“Кадрлардың кетуі, әкімшілік шығындардың өсуі, әртүрлі академиялық мәдениеттердің қақтығысы нәтижесінде уәде етілген тиімділік жойылып кетуі мүмкін. Іс жүзінде бұл үнемдеуден гөрі қосымша қиындықтар туғызуы ықтимал”, — деді ол.

Оның пікірінше, Назарбаев Университеті – білім беру сапасының жаңа символына айналған бірегей жоба. Сондықтан шешімдер стратегиялық тұрғыда қабылдануы тиіс.

"Бұл мәселеде университет басшылығы байыпты әрі салмақты шешім қабылдайды деп сенемін", — деді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар