Ұлттық банк цифрлық активтер нарығын дамыту үшін салықтық жеңілдіктер енгізуді, стейблкоиндерді төлем құралы ретінде пайдалануды және криптооперацияларды бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, цифрлық активтер индустриясын дамыту үшін лицензияланған провайдерлердің функцияларын кеңейту қажет. Олар цифрлық активтерді шығару, сату, айырбастау және сақтау операцияларын жүргізе алады. Бұл процеске банктер, брокерлер және басқа да қаржы ұйымдары тартылмақ.
Қазақстанда шығарылған стейблкоиндерді тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуде, экспорттық-импорттық операцияларда және трансшекаралық аударымдарда пайдалану ұсынылды.
Сонымен бірге орталықтандырылмаған қаржы, яғни DeFi секторын реттеу тәсілдерін әзірлеу жоспарланып отыр. Ұлттық банк цифрлық майнинг үшін жалпы энергетикалық жүйеге қосымша салмақ түсірмейтін автономды және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды ұсынды.
Салық салу бойынша 2026-2028 жылдары қазақстандық провайдерлер арқылы жүргізілген операциялардан жеке тұлғалардың кірісін жеке табыс салығынан босату ұсынылды.
Ұлттық банк жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру жоспарланып отыр. Оның құзыретіне саясат әзірлеу, лицензиялау, қадағалау, талдау және инновациялық жобаларды сүйемелдеу кіреді.
Бұдан бөлек, Alatau City-де нақты активтерді токендеу жобалары әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін Iconic Tower кешенін $50 млн-ға дейінгі сомаға және құны $10 млн-ға дейінгі Birlik логистикалық орталығын токендеу жоспарланған.
Цифрлық активтер нарығын бақылау үшін Ұлттық криптоаналитика орталығы құрылып жатыр. Ол клиенттерді, криптоәмияндарды және транзакцияларды талдап, Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен интеграцияланады.
Сүлейменов банктердегі шамадан тыс комплаенс мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, жеке клиенттің немесе бір операцияның тәуекелі лицензияланған провайдердің барлық шоттарын бұғаттауға себеп болмауы керек. Шектеулер нақты тәуекелге қарай қолданылуға тиіс.
Ұлттық банк токендеуді дамыту үшін мемлекеттік бағалы қағаздар, корпоративтік облигациялар, жылжымайтын мүлік, инфрақұрылымдық жобалар және кен орындары сияқты активтерді цифрлық форматқа шығаруды ұсынды. Алғашқы ірі шығарылымдарды Қаржы министрлігі, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», KASE және Орталық депозитарий дайындауы қажет.