Қазақстанда цифрлық активтер нарығының көлемі $10,6 млрд-қа жетті

Қазақстанда цифрлық активтер нарығының көлемі $10,6 млрд-қа жетті
UKIMET

Қазақстанда цифрлық активтер нарығын реттеу жүйесі кеңейіп, лицензияланған провайдерлер мен жаңа қаржы құралдары пайда болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында АХҚО провайдерлерінің операциялар көлемі $10,6 млрд-қа жеткен. Клиенттер саны шамамен 215 мың адамды құрады.

2025 жылғы шілдеде Ұлттық банк цифрлық активтер саласындағы жаңа өнімдер мен бизнес-модельдерді сынауға арналған «реттеуші сынақ алаңын» іске қосты. Қазір онда 14 бағыт бойынша 34 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында стейблкоиндер, токендеу, криптобиржалар, кастодиандық және криптофиаттық сервистер бар.

2026 жылғы 1 мамырдан бастап цифрлық активтер нарығын жалпыұлттық деңгейде реттейтін жаңа модель күшіне енді. Заңнамада цифрлық қаржы активтері, стейблкоиндер, токенделген нақты активтер мен қаржы құралдарының мәртебесі айқындалды.

Қазір қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастайтын үш лицензияланған оператор жұмыс істейді. Алғашқы екі айда олардың айналымы шамамен 2 млрд теңгені құраған. Тағы бес компания лицензия алу рәсімінен өтіп жатыр.

KASE цифрлық платформасында биткоин фьючерсіне арналған ETF бойынша 20,5 млрд теңгеге 34 мың операция жасалған. Үш криптоактивке арналған жаңа ETF бойынша 1 млрд теңгеге 650 операция жүргізілген.

Сонымен қатар криптокарта, крипто-QR және криптоэквайринг сияқты сервистер жұмыс істеп тұр. Орталық депозитарий цифрлық активтер иелерінің бірыңғай тізілімін жүргізіп, ұлттық кастодиандық инфрақұрылымды қалыптастыруда.

Ұлттық банк дерегінше, бүгінде цифрлық активтер нарығының жаһандық аудиториясы шамамен 750 млн адамды құрайды, ал оның капиталдануы $2,3 трлн-ға жеткен. 2025 жылы стейблкоиндер айналымы $50 трлн болды. Соңғы үш жылда токенделген активтер нарығы 12 есе өскен.