Қызылорда облысында хоккей жаттықтырушысы кәмелетке толмаған қызға қатысты бірнеше жыл бойы жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған деген күдікке ілінді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиға 2024 жылы, өзі 14 жаста болған кезде басталған. Сол жылы қыз көгалдағы хоккейден жарысқа қатысу үшін командасымен бірге Талдықорғанға барған.
Оның сөзінше, бір күні пәтерде жалғыз қалған кезде жаттықтырушы оған шай әкеліп берген. Осыдан кейін қыз болған оқиғаларды есіне түсіре алмайтынын айтқан. Таңертең оянғанда қасында жаттықтырушы болғанын байқаған.
Жәбірленуші жаттықтырушының болған жайтты видеоға түсіргенін айтып, оны ата-анасына көрсетемін және өзгелерге таратамын деп қорқытқанын мәлімдеді. Қыздың айтуынша, осыдан кейін ол ұзақ уақыт бойы бопсалауға ұшыраған.
Сондай-ақ жәбірленуші 38 жастағы жаттықтырушы өзін ақша үшін басқа ер адамдарға да бергенін алға тартты. Қыз бұл жағдай туралы туыстарына тек екі жылдан кейін ғана айтқан. Оқиға белгілі болғаннан кейін жәбірленушінің туыстары мен жаттықтырушы арасында жанжал шыққаны хабарланды. Соның салдарынан қыздың ағасы уақытша ұстау изоляторына қамалып, анасы үйқамаққа алынған.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, іс бойынша екі күдікті – жаттықтырушы мен оның танысы ұсталған. Сот санкциясымен екеуі де қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. Қазіргі уақытта процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.