Бектенов: Цифрлық активтер нарығы алаяқтықтың жаңа түрлерін туындатып жатыр

Бектенов: Цифрлық активтер нарығы алаяқтықтың жаңа түрлерін туындатып жатыр
primeminister.kz

Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын дамыту үшін токенизация, цифрлық теңге, майнинг және халықаралық цифрлық есеп айырысу жүйелерін қатар дамыту қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бектенов цифрлық активтер саласы Қазақстан экономикасы үшін жаңа бағыт екенін атап өтті. Оның айтуынша, енді негізгі міндет – осы салада толыққанды экожүйе қалыптастырып, оны инвестиция тарту мен қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға пайдалану.

Премьер-министр нақты активтерді токенизациялауға ерекше назар аударуды тапсырды. Оның сөзінше, ірі инфрақұрылымдық жобалар, жылжымайтын мүлік, шикізат және басқа активтер цифрлық үлестерге бөлініп, қосымша инвестиция тарту құралына айнала алады.

«Салынып жатқан кез келген ғимаратты немесе жобаны инвесторлар қаржыландыра алатын цифрлық үлестерге бөлуге болады. Мұндай жобаға кез келген адам акционер ретінде қатыса алады», – деді Бектенов.

Ол Ұлттық банкке инвестиция тарту үшін токенизацияға басым тәртіппен шығарылатын активтердің нақты тізбесін анықтауды тапсырды. Бұл ретте цифрлық мәмілелердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін тиімді реттеу тетігі қажет екенін атап өтті.

Премьер-министр цифрлық активтер нарығының өсуімен бірге алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болып жатқанын да айтты. Оның мәліметінше, осы айда Қаржылық мониторинг агенттігі криптовалюта түрінде шағын несие беру деген желеумен жүргізілген заңсыз әрекеттің жолын кескен.

«Уәкілетті органдар алдағы уақытта да азаматтарды цифрлық ортада қорғауды қамтамасыз етуі қажет», – деді ол.

Бектенов Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, киберқауіпсіздікті күшейту және цифрлық активтер саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Премьер-министр цифрлық теңгені енгізуді де маңызды бағыт ретінде атады. Оның айтуынша, цифрлық теңге криптовалютадан ерекшеленеді, өйткені оны Ұлттық банк шығарады және ол заңды төлем құралы болып саналады.

Цифрлық теңгені мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға, мемлекеттік сатып алулар мен корпоративтік операциялардағы есеп айырысуды автоматтандыруға пайдалану жоспарланып отыр. Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту бойынша шараларды әзірлеуі тиіс.

Бұдан бөлек, Бектенов криптовалюталардың өнеркәсіптік майнингіне тоқталды. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша жаһандық биткоин майнингіне қатысу үлесі бойынша әлемнің жетекші он елінің қатарына кірген.

Премьер-министр майнингтік қуатты жай ғана арттыру жеткіліксіз екенін айтты. Мемлекеттік саясат энергия тұтынуын бақылауға, салық салудың ашықтығына және майнинг индустриясын әлемдік цифрлық экономикаға интеграциялауға бағытталуы керек.

Ол Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Blockchain және майнинг қауымдастығымен және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, саланы дамыту бойынша қосымша шаралар әзірлеуді тапсырды.

«Биржаны, цифрлық құралдарды, токенизацияны, активтерді сақтау тетіктерін және төлем шешімдерін қамтитын толыққанды цифрлық майнинг индустриясын қалыптастыру қажет», – деді Бектенов.

Энергетика министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірге майнинг орталықтарының жұмысын қамтамасыз ету үшін газ және көмір генерациясын пайдалану тетігін пысықтау тапсырылды.

Бектенов сондай-ақ цифрлық активтер нарығында бәсекеге қабілетті жағдай қалыптастыруды тапсырды. Оның айтуынша, қабылданатын шешімдер капиталды Қазақстан экономикасына қайтаруға, ішкі нарықты дамытуға және халықаралық қатысушыларды тартуға ықпал етуі керек.

Сонымен бірге Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру жұмысын жеделдету тапсырылды.

Премьер-министр цифрлық активтер индустриясын дамыту тек қаржылық реттеумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл салаға бағдарламалық шешімдер, заманауи технологиялар және жоғары білікті мамандар қажет.

«Қазақстан цифрлық активтер айналымының алаңы ғана емес, сонымен қатар осы сала үшін өз өнімдерін әзірлеп, жоғары білікті мамандарын даярлайтын ел болуы керек», – деді Бектенов.

Сонымен қатар Ұлттық банкке цифрлық қаржы құралдарын халықаралық есеп айырысуда пайдалану мүмкіндігін пысықтау тапсырылды. Бектенов мұндай құралдар есеп айырысу жылдамдығын арттырып, қазақстандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейте алатынын айтты.

Ұлттық банк бұған дейін цифрлық активтер нарығын дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеген. Премьер-министр осы жоспардағы шаралардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін әрбір басшының дербес жауапкершілігі көзделген. Осыған баса назар аударамын», – деді Олжас Бектенов.