Қазақстанда Web3 және блокчейн технологиялары бойынша 8 мыңнан астам адам білім алып, 57 стартапқа 121 млн теңге көлемінде грант берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында «Solana Superteam KZ» корпоративтік қорының басшысы Талғат Досанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Solana экожүйесімен бірлескен оқыту бағдарламаларына қатысқан 8 мыңнан астам адамның 2 мыңнан астамы сертификат алған. Сертификат иелерінің әрбір бесіншісі мемлекеттік орган өкілі.
Бағдарламалар блокчейн және әзірлеу негіздерін меңгеруді, практикалық тапсырмаларды орындауды және командаларды халықаралық хакатондарға дайындауды қамтиды.
Технологиялық кәсіпкерлікті қолдау аясында 57 қазақстандық стартапқа жалпы сомасы 121 млн теңге грант бөлінген. Қазақстан Solana-ның жаһандық хакатондарына берілген өтінімдер саны бойынша әлемнің үздік он елінің қатарына кірген.
Сонымен қатар Қазақстан Solana Summit халықаралық іс-шараларының қатарын алғаш болып өткізген ел болды. Саммитке 30-дан астам елден 900-ден астам адам қатысып, іс-шара Solana әлеуметтік желілері арқылы 4 млн адамға жеткен.
Қазақстанда блокчейн технологияларын қаржы секторында қолдану да кеңейіп келеді. KASE Global алаңында Solana экожүйесіне негізделген SOLZ_KZ ETF іске қосылған. Ал 2026 жылғы 11 маусымда Alatau City мен Solana Foundation арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
Superteam Kazakhstan дерегінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында ұйым әзірлеушілерге арналған білім беру бағдарламаларын кеңейтіп, халықаралық хакатондарға қазақстандық командаларды дайындау және қаржы институттарымен бірлескен жобаларды дамыту жұмыстарын жалғастырған.
Қазір Superteam Kazakhstan өзін Орталық Азиядағы Web3-инновацияларының орталығы ретінде таныстырады. Ұйымның ресми мәліметінше, оның командасын Талғат Досанов басқарады.