Ұлттық қордан LRT құрылысына 50,4 млрд теңге бөлінгені рас па? — Министр жауап берді

Қаракөз Амантай 04 ақп. 2025 14:14 551

Көлік министрі Марат Қарабаев Астанадағы LRT құрылысына Ұлттық Қордан қаржы бөлінгенін растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі аталған жобаға қажетті қаражаттың бір бөлігі Ұлттық қордан алынғанын айтқан еді.

Осы тұста журналистер министрге сауал жолдады.

“Неліктен инвестор тарту қарастырылмады? Қаржыландырудың басқа көздері қаралды ма?” – деді олар.

Марат Қарабаевтың айтуынша, биыл жобаны аяқтау үшін қосымша қаржы бөлінген. Алайда оның нақты қай көзден алынғанын және қандай инвесторлардың қатысқанын жергілікті билік шешкен.

“Бұл мәселемен толықтай Астана әкімдігі айналысты, сондықтан қаржы көздеріне қатысты егжей-тегжейлі ақпарат бере алмаймын. Жалпы, құрылыс жұмыстары мен оның іске қосылуы әкімдіктің құзырында”, – деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, ол Ұлттық экономика министрлігінің Ұлттық қордан қаржы бөлінгені туралы мәліметін растады.

“Иә, белгілі бір сома Ұлттық қордан бөлінді. Өйткені бұл қаражатты бөлу біздің министрлік арқылы жүзеге асырылды,” – деді Марат Қарабаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар