Концентраттан технологияларға: мыс өнеркәсібін дамытудың жаңа моделі

Концентраттан технологияларға: мыс өнеркәсібін дамытудың жаңа моделі

Қазақстан Президентінің 2025 жылғы Жолдауында тау-кен металлургия секторы ел экономикасының 8%-ын құрайтыны және өнімді терең өңдеу есебінен өсудің үлкен әлеуетіне ие екені атап өтілді. Өзінің Facebook парақшасында О. А. Байқоңыров атындағы ТКМИ профессоры, PhD докторы Өмірсерік Байгенженов бұл міндеттің отандық мыс өндірісі үшін маңызы айрықша екенін жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ғалымның айтуынша, ресурстардың молдығына және қуатты байыту фабрикаларының барына қарамастан, елде шикізат өндіру мен оны металлургиялық өңдеу арасында алшақтық бар. 1938 және 1971 жылдары іске қосылған Балқаш пен Жезқазған зауыттары үнемі жаңартылып отырғанымен, салаға заманауи жаңа өндіріс орындары қажет. Мәселен, 2025 жылы Қазақстан шетелге 1,42 млн тонна мыс рудасы мен концентратын экспортқа шығарған.

«Технологиялық тұрғыдан алғанда, мұнда бір нәрсені түсіну маңызды: мыс концентраты — бұл соңғы өнім емес. Концентратты экспорттай отырып, ел шын мәнінде қосылған құн тізбегінің кейінгі бөлігін де шетелге беріп отыр», — деп атап өтті Өмірсерік Байгенженов.

Бұл мәселе Балқаш қаласында жаңа мыс балқыту зауытын салу арқылы шешілмек. Үкімет бекіткен инвестициялық келісім аясында жобаға 750 млрд теңге жеке қаржы тартылады. Құрылыс кезеңі 2027 жылы басталып, кәсіпорынды іске қосу 2030 жылға жоспарланған.

Зауыт жыл сайын 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы болады. Сондай-ақ жоба 1,2 мыңға жуық маманды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Сарапшының пікірінше, ел ішінде рудадан бастап дайын илек пен қорытпаларға дейінгі толық өңдеу циклін жолға қою маңызды. Катодты мыс негізінде жергілікті кабельдер, құбырлар, фольга және машина жасауға арналған бөлшектер өндіріледі.

Балқаш жобасын жүзеге асыру Қазақстандағы жылдық мыс өндірісін 800 мың тоннадан асыруға мүмкіндік береді.