Ұлттық қордағы қаражатқа бардым-келдім қарайтын заман өтті - депутат

Сағыныш Сардарова 30 қаз. 2024 14:38 2405

Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров Ұлттық қордағы қаражатқа бардым-келдім қарайтын заман өткенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуы астын сызып тұрып айтатын басты проблема болып тұр. Егер санмен айтсақ, мемлекет экономикадағы 30 сектордың 20-ына белсенді түрде араласып отыр. Бұл қарайған жұмыстың нәтижелі болуын, халықтың табысының өсуін кәдімгідей тежеп отыр. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш орташа есеппен 13 секторды құрайды", - деді ол.

Депутаттың сөзінше, есеп беруге келгенде бәрі жүйрік.

"Үкімет әлеуметтік саладағы жаңа жұмыс орындары туралы есеп бергенде айды аспанға бір шығарады. Бірақ «аттың алдына арбаны шығарып» жіберіп, айналып келгенде тағы да бюджетке қол саламыз. Нағыз сапалы жұмыс орындары жаңа зауыт-фабрикалар мен өндіріс цехтарында. Неге? Себебі олардың салығының есебінен барлық әлеуметтік нысандар бой көтереді, жұмыс орындары пайда болады, өнім шығарады", - дейді Ходжаназаров.

Депутат инфрақұрылым мәселелерін де көтерді.

"Соңғы он жыл ішінде капиталдық шығындардың үлесі 9-13% арасында көрініс тауып тұр.Бұл инфрақұрылымныңтозуына одан сайын жұмыс істейді.Егер экономикадағы негізгі капиталға инвестициялардың үлесін 25-40%-ға дейін ұлғайтпасақ, Үкімет экономика мен халықтың жаңа инфрақұрылымға деген сұранысын қамтамасыз ете алмайды.

Бизнес дамуы үшін негіз болуы тиісеркін экономикалық аймақтардың инфрақұрылымы дамымаған. 14 аймақтың тек төртеуін алға тартып айтуға болады. Оның өзінде де салыстырмалы түрде. Еркін экономикалық аймақтарға қарайтын инфрақұрылымның аяқталуы 70%-дан сәл асып жығылады.

Ұлттық қордағы қаражатқа бардым-келдім қарайтын заман өтті. Біздің алдымызда нақты стратегиялық бағыт бар – ол қор қаржысын тек қана инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобаларға ашық және жауапты пайдалануды қамтамасыз ету қажет", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар