Шымкенттегі қонақүй кешендерінің бірінде полиция қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 36 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция мәліметінше, ұсталған азамат Астана қаласының тұрғыны, С. есімді асаба.
Тінту кезінде қонақүй бөлмесінен ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған полимерлі пакет пен өсімдік тектес зат табылып, тәркіленді. Ер адаммен бірге алдын ала мәлімет бойынша интимдік қызмет көрсететін әйел де болған.
Ұсталған азамат тәркіленген заттарды мефедрон және «мак» деп атап, оларды жеке қолдану үшін сатып алғанын айтқан.
Қазір тәркіленген заттардың нақты құрамы мен мөлшері сараптама арқылы анықталып жатыр.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.