Тамызда Қазақстан тұрғындары айырбастау пункттерінен қолма-қол рубльді бұрынғыдан әлдеқайда көп сатып алды. Ұлттық банк мәліметінше, айырбастау орындарының рубль сату көлемі сатып алу көлемінен 6,2 млрд теңгеге асып түскен. Бұл шілдедегі көрсеткіштен шамамен 49 есе көп, деп хабарлайды dalanews.kz.
Data hub мәліметінше, айырбастау пункттері халықтан сатып алған рубльге қарағанда, тұрғындарға көбірек рубль сатқан. Мұндай жағдай екінші ай қатарынан тіркеліп отыр.
2022 жылғы сәуірге дейін Қазақстанда қолма-қол рубльге сұраныс жоғары болған. Ол кезде ай сайынғы таза сатылым ондаған миллиард теңгеге жететін. Кейін халықтың рубльге қызығушылығы төмендеп, кейбір кезеңдерде тұрғындар оны сатып алудан гөрі айырбастау пункттеріне көбірек өткізген. Мәселен, мұндай жағдай 2024 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпанға дейін 14 ай бойы жалғасты.
Соған қарамастан, тамыздағы күрт өсімге қарап, рубльге тұрақты сұраныс қайта қалыптасты деуге әлі ерте. 2026 жылдың алғашқы сегіз айының тек төртеуінде ғана айырбастау пункттері халыққа қабылдағанынан көбірек рубль сатқан. Қазіргі көрсеткіштер 2022 жылғы сәуірге дейінгі деңгейден әлі де әлдеқайда төмен.
Рубльге сұраныстың артуы Ресей валютасы арзандаған кезеңмен тұспа-тұс келді. Тамызда теңге рубльге қатысты 10,1 пайызға нығайып, соңғы бір жарым жылдан астам уақыттағы ең жоғары деңгейіне жетті. Яғни тұрғындар рубльдің бағасы төмендеген кезде оны көбірек сатып ала бастаған.
Рубль сатылымының өсуіне Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстары көбірек әсер етті. Осы төрт өңір тамыздағы жалпы өсімнің 60 пайызын қамтамасыз еткен.
Долларға сұраныс артты, еуроға қызығушылық азайды
Тамызда айырбастау пункттері халыққа сатып алғанынан 141,4 млрд теңгеге артық доллар сатқан. Бұл көрсеткіш бір айда 15 пайызға, бір жылда 2 пайызға өсті.
Ал еуроға сұраныс айтарлықтай төмендеді. Оның таза сатылымы 2,1 млрд теңгені құрап, кейінгі 14 айдағы ең төменгі деңгейге түсті. Көрсеткіш шілдемен салыстырғанда 81 пайызға, өткен жылдың тамызымен салыстырғанда 69 пайызға азайған.