Қазақстан Ұлттық қордың 1 млрд долларына АҚШ-тың инфляциядан қорғалған мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алмақ ниетте. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Bloomberg агенттігіне берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлттық Банк төрағасының орынбасары АҚШ президенті Дональд Трамптың саясаты инфляцияны үдетіп, әлемдік орталық банктердің негізгі мөлшерлемелерді төмендету үрдісін бәсеңдетуі мүмкін деп санайды.
"Салық жеңілдіктері, сауда соғысы, протекционизм, экономикалық ынталандыру – мұның бәрі инфляцияға ықпал ететін факторлар",- деді Молдабекова басылымға берген сұқбатында.
Сондықтан Ұлттық Банк АҚШ-тың тұтынушылық бағалар индексіне байланған әрі пайыздық кіріс әкелетін TIPS (Қазынашылық инфляциядан қорғалған бағалы қағаздар) облигацияларына шамамен 1 млрд доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Бұл инвестициялар алдағы екі-үш айдың ішінде жүзеге асырылатын болады және дамыған елдердің тәуелсіз заем портфелінің 10%-на дейін жетеді.
Активтері 59 млрд долларды құрайтын сатып алынған TIPS (Treasury Inflation-Protected Securities) Қазақстанның Ұлттық қорының балансына алынады, оның 54 млрд доллары жоғары кіріс алып отыру үшін жинақ портфеліне инвестицияланады.
TIPS-тен бөлек, жоғары инфляция жағдайында жақсы кіріс бере алатын басқа да активтер бар, мәселен жылжымайтын мүлік және инфрақұрылым дегендей. Молдабекованың айтуынша, Ұлттық Банктің баламалы инвестицияларға жауапты бөлімшесі жылжымайтын мүлік қорларына инвестиция салып үлгерген және инфрақұрылымдық қорларға инвестиция жасау мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
Bloomberg Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатын инвестициялау стратегиясын біртіндеп өзгертіп жатқанын жазады.
2023 жылы реттеуші орган дамушы нарықтардың АҚШ долларындағы корпоративтік облигацияларына инвестицияларды ұлғайтты, сондай-ақ алғаш рет дамыған елдердің BB+ және BB рейтингтерге ие жоғары кірісті корпоративтік облигацияларын сатып алды. 2024 жылы реттеуші орган қор портфеліндегі акциялардың үлесін 36%-дан 30%-ға дейін төмендетуді жоспарлаған.
"Қор нарығының қызып кету қаупі бар", деген Молдабекова, әсіресе пайыздық мөлшерлемелердің баяу төмендеуі жағдайында акциялардың қымбат бола түскенін баса айтады.
ҚР Ұлттық Банкі Трамп саясатының инфляциялық әсеріне қатысты болжамға өзі жалғыз сүйеніп отырған жоқ. Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің президенті Джон Уильямс тарифтер инфляциялық қысымды күшейтетінін айтты, ал АҚШ-тың бұрынғы Қаржы министрі Роберт Рубин сауда баждары "инфляцияның өте ауыр қаупін" тудыратынын атап өткен.
"Нарықтар қазір тұрақсыз", - деді Молдабекова өз сұқбатында.
Қаңтар айында АҚШ-тың тұтыну бағаларының индексі 3% құрады. Оның болжамы бойынша, АҚШ-тағы инфляция жылына шамамен 2,35% құрайды деген облигациялардағы деңгейден де жоғары болуы мүмкін.
"Біз жыл соңына дейін инфляция осы шектен жоғары болады деп бажайлаймыз", - деді ол нарықтық күтулерге сүйене отырып.
Сұқбат жарияланған сәттегі АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларының кірістілігі екі жылдық қағаздар үшін 4,019% және онжылдықтар үшін 4,33%-ды құрады.