Freedom Inside '26

Ресейдегі дүрбелең Қазақстан фермерлеріне әсер ете ме? Министрлік жауап берді

Ресейдегі дүрбелең Қазақстан фермерлеріне әсер ете ме? Министрлік жауап берді
pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейдегі жанар-жағармай нарығындағы дүрбелеңге қарамастан, қазақстандық диқандар дизель отынымен толық қамтамасыз етілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, егіс және егін күтімі жұмыстарына қажетті жанармай көлемі жыл сайын алдын ала бекітіледі.

«Шынында да, қазір көрші елдің жанар-жағармай нарығында белгілі бір дүрбелең байқалып отыр. Дегенмен дәл осындай жағдайлардың алдын алу үшін жыл сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кепілдендірілген көлемде дизель отыны бөлінеді. Биыл көктемгі дала жұмыстарына 402 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жалпы біз жыл сайын тарихи қалыптасқан көлем – шамамен 400 мың тонна дизель отынын көктемгі егіс жұмыстарына аламыз», – деді Азат Сұлтанов Сенат кулуарында.

Вице-министрдің айтуынша, көктемгі егіс кезінде пайдаланылмай қалған дизель отынын фермерлер кейін егістікті күтіп-баптау, химиялық өңдеу және сүрі жерлерді өңдеу жұмыстарына пайдалана алады.

«Осылайша фермерлер мен өңірлер өздері сұрататын жалпы көлем шамамен 800 мың тоннаны құрайды. Бұл көрсеткішке дәнді және майлы дақылдарды кептіруге қажетті жанар-жағармай кірмейді. Барлық көлем белгіленген кестеге сәйкес жеткізіліп жатыр. Әр өңір белгілі бір мұнай өңдеу зауытына бекітілген және осы уақытқа дейін зауыттар тарапынан міндеттемелердің орындалмай қалған жағдайы болған емес. Сондықтан фермерлерде дала жұмыстары уақытында жүргізілмей қалады деген қауіп жоқ деп есептейміз», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Reuters агенттігі Ресейдің ішкі нарықтағы тапшылыққа байланысты Қазақстаннан бензин импорттау мәселесін талқылап жатқанын хабарлаған болатын.