Кәсіпкер Кеңес Рақышев әлеуметтік желіде жұбайы Әселді туған күнімен құттықтап, отбасына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол жазбасында жарының төрт баланың тәрбиесін кәсіпкерлік және қоғамдық қызметпен қатар алып жүргенін атап өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кеңес Рақышев жұбайын отбасының берекесі мен тірегі деп сипаттап, оның балаларының тәрбиесі мен болашағына ерекше көңіл бөлетінін жазды.
"Сен менің өмірлік серігім ғана емес, төрт баламыздың аяулы анасы, отбасымыздың берекесі мен тірегісің. Балаларымыздың тәрбиесіне, олардың болашағына, отбасымыздың бірлігі мен бақытына қосып жүрген үлесің үшін саған алғысым шексіз", – деді ол.
Кәсіпкердің сөзінше, Әсел Рақышева отбасылық міндеттермен қатар өз кәсібін дамытып, қоғамға пайдалы бастамаларға да белсенді араласып жүр. Ол басқаратын мектепте балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалып, оқушылардың дүниетанымын кеңейтуге және ата-аналармен байланысты нығайтуға бағытталған танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ Кеңес Рақышев жұбайының экология саласындағы еңбегі мен қайырымдылық бастамаларына тоқталды. Оның пікірінше, адамның шынайы байлығы өзгелерге жасаған жақсылығымен өлшенеді.
"Мен үшін сенің ең үлкен жетістігің – осыншама істі қатар алып жүріп, отбасыңа деген мейірімің мен балаларыңа деген махаббатыңды жоғалтпағаның. Біз сені жақсы көреміз, бағалаймыз және сенімен мақтанамыз", – деп жазды кәсіпкер.
Жазбасының соңында Кеңес Рақышев жұбайын туған күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.