Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің Астанаға сапары барысында Қазақстан мен Грузия стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қояды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Грузия сыртқы істер министрі Мака Бочоришвили Facebook парақшасында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл құжат екі ел арасындағы көп жылдан бері қалыптасқан тығыз ынтымақтастықтың заңды жалғасы болмақ. Сонымен қатар, ол Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.
"Бүгін премьер-министрдің Қазақстанға сапары аясында стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылады. Бұл екі ел арасындағы көп жыл бойы жалғасып келе жатқан тығыз ынтымақтастықтың заңды жалғасы болып, қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге шығарады", - деп жазды Мака Бочоришвили.
Айта кетейік, кейінгі жылдары Грузия мен Қазақстан арасындағы байланыс нығайып келеді. Екі ел сауда-экономикалық және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.