Кәсіпкер, Қазақстан мен Грузиядағы Forbes франшизасының иесі Арманжан Байтасов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарының Forbes Kazakhstan рейтингінен бірде көрініп, бірде тізімнен түсіп қалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы ол журналист Дмитрий Шишкинге берген сұхбатында айтты.
Журналист әр жылдары тұңғыш президенттің отбасы мүшелері – Дариға Назарбаева, Қайрат Сатыбалды және Нұрбол Назарбаев Forbes тізіміне еніп, кейін рейтингтен шығып қалғанына назар аударды. Ол мұның қандай да бір қысыммен байланысты болған-болмағанын сұрады.
Арманжан Байтасовтың айтуынша, Forbes ең бай адамдар рейтингін жасаған кезде тек ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенеді. Егер белгілі бір адамның байлығы туралы ақпаратты нақты растау мүмкін болмаса, басылым ондай деректі жарияламауға тырысады.
"Біз Forbes рейтингтерін жасағанда, әсіресе ең ауқатты адамдар тізімінде тек ашық дереккөздерге сүйенеміз. Егер қандай да бір ақпарат күмән тудырса немесе оны дәлелдеу қиын болса, біз оны ескереміз. Ал нақты дәлелдей алмайтынымызды түсінсек, ол туралы мүлде жазбаймыз", – деді кәсіпкер.
Байтасов Дариға Назарбаеваның рейтингте бірнеше рет болғанын атап өтті. Ашық деректерге сәйкес, ол 2013 жылы 595 миллион долларлық дәулетімен тізімде 13-орында тұрған. Кейін ұзақ уақыт рейтингтен көрінбей, 2022 жылы 594 миллион доллар байлығымен қайтадан 13-орынға енген.
Қайрат Сатыбалды 2018 жылы 163 миллион долларлық дәулетімен рейтингтің 36-орнын иеленген. Кейін ол тізімнен шығарылды.
Ал Нұрбол Назарбаев 2025 жылы 179 миллион долларлық байлығымен Forbes Kazakhstan тізімінде 57-орында тұрған. Алайда биылғы рейтингке енбеген.
"Егер белгілі бір ақпаратты дәлелдей алмайтынымызды түсінсек, өзімізге артық мәселе тудырудың қажеті жоқ. Себебі ондай жағдайда бізді сотқа беруі мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге өте мұқият қараймыз. Ал Нұрбол Назарбаевқа келсек, жағдай түсінікті. Ол рейтингке енді, кейін, қателеспесем, өзі банкроттық туралы өтініш бергеннен кейін тізімнен шығарылды", – деді Байтасов.
Кәсіпкер ауқатты адамдардың дәулетін бағалау кезінде айырмашылық көп болуы мүмкін екенін де айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда байлығы Forbes тізіміне енуге жететін адамдар аз емес. Бірақ басылым тек заңды, ашық және шығу тегі түсінікті активтерді ғана есепке алады.
"Біз заңды, ашық әрі қайдан келгені түсінікті қаражатты есептейміз. Ал қандай да бір дәстүрлі емес немесе қосымша табыс көздері арқылы алынған қаржыны көрмейміз және оны анықтау біздің құзыретімізге кірмейді. Біз салық органы да, қаржы полициясы да, Ұлттық қауіпсіздік комитеті де емеспіз", – деді ол.
Байтасовтың айтуынша, басылым дәлелдей алмайтын мәліметті рейтингке қоса алмайды. Өйткені кез келген ақпарат нақты дерекпен расталуы керек.
Айта кетейік, Арманжан Байтасовтың өзі де Forbes Kazakhstan рейтингінде бар. Оның дәулеті 150 миллион доллар деп бағаланып, ол тізімде 60-орында тұр. Кәсіпкер Tan Media Group және United Media Group компанияларындағы үлестерге иелік етеді. Бұл медиатоптардың құрамына Forbes Kazakhstan, Forbes Georgia, Arbat Media, Business FM, Businessfm.kz, MuzzOne телеарнасы және басқа да медиаактивтер кіреді.