Ұлттық банк тұрғын үй бағасына әсер ететін негізгі факторларды талдады

Қаракөз Амантай 12 нау. 2026 11:26

Қазақстан Ұлттық банкі елдің ірі қалаларындағы тұрғын үй бағасының қалыптасуына әсер ететін негізгі факторларға талдау жасады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, баспана нарығындағы баға айырмашылығы көбіне орналасқан жердің артықшылықтары мен тұрғын үйдің сапалық сипаттамаларына байланысты қалыптасады. Бұл өз кезегінде инвестициялық белсенділіктің ең тартымды аудандар мен нарық сегменттеріне шоғырланғанын көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана

Астанада пәтердің сол жағалауда орналасуы бір шаршы метрдің бағасын орта есеппен 11,3%-ға қымбаттатады. Ал өзен жағалауына (1 км радиуста) жақын орналасқан тұрғын үйлердің бағасы шамамен 10,4%-ға жоғары. Керісінше, саябақтардан 1 шақырымнан артық қашықта орналасқан пәтерлердің құны орта есеппен 10,5%-ға төмендейді. Сондай-ақ ірі сауда-ойын-сауық орталықтарына жақындық та бағаның өсуіне ықпал етеді.

Пәтердің техникалық сипаттамалары да бағаға айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, төбе биіктігінің әрбір 1 метрге артуы тұрғын үй құнын орта есеппен 59,2%-ға өсіреді. Ал 2026–2028 жылдары пайдалануға берілетін үйлердегі пәтерлер дайын тұрғын үйлермен салыстырғанда шамамен 15,7%-ға арзан.

Бұрынғы жатақхана мәртебесі бар үйлердегі пәтерлердің бағасы 13%-ға төмен. Ал монолитті үйлердегі пәтерлер панельді үйлермен салыстырғанда орта есеппен 11,8%-ға қымбат.

Қабатқа байланысты айырмашылық аса үлкен емес. Мысалы, соңғы қабаттағы пәтерлердің бағасы 6,2%-ға, бірінші қабаттағылар 4,8%-ға төмен болады. Сондай-ақ тұрғын үйдің тозу деңгейі де бағаға әсер етеді: монолитті үйлердің құны жыл сайын 1,43%-ға, кірпіш үйлер 0,38%-ға, ал панельді үйлер 0,23%-ға төмендеуі мүмкін.

Алматы

Алматыда пәтер бағасына ең алдымен орналасқан жері әсер етеді. Мысалы, Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан тұрғын үйлердің бағасы орта есеппен 20,6%-ға қымбат.

Ал метро станциясынан 2 шақырымнан алыс орналасқан пәтерлердің құны шамамен 6,2%-ға төмен болады. Сонымен қатар қаладағы әкімшілік аудандарға байланысты баға айырмашылығы да айтарлықтай байқалады.

Пәтердің техникалық сипаттамалары да маңызды. Төбе биіктігінің әрбір 1 метрге өсуі тұрғын үй бағасын шамамен 31,2%-ға арттырады. Ал 2026–2028 жылдары пайдалануға берілетін жаңа үйлердегі пәтерлер дайын тұрғын үйлермен салыстырғанда 11,6%-ға арзан.

Құрылыс материалына байланысты да айырмашылық бар. Кірпіш үйлердегі пәтерлер панельді үйлермен салыстырғанда орта есеппен 4,7%-ға қымбат, ал монолитті үйлердегі пәтерлер 3,2%-ға жоғары бағаланады.

Қабатқа байланысты баға айырмашылығы да байқалады: соңғы қабаттағы пәтерлердің бағасы 4,8%-ға, бірінші қабаттағы пәтерлер 2,5%-ға төмен. Бұрынғы жатақхана мәртебесі бар үйлердегі пәтерлердің құны шамамен 2,8%-ға төмен.

Тұрғын үйдің ескіруіне байланысты баға өзгерісі де әртүрлі. Мысалы, панельді үйлер жыл сайын шамамен 0,17%-ға, ал монолитті үйлер 0,46%-ға арзандауы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove