Ұлттық Банк төрағасы доллардың неге қымбаттап жатқанын түсіндіріп, өз болжамымен де бөлісті

Кәмшат Тілеухан 19 мау. 2025 14:13

ҚР Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2025 жылғы 19 маусымда Сенат дәлізінде журналистерге берген сұқбатында бүгіндері доллар бағамының неге күш алып жатқанын түсіндірді. Ол 1 АҚШ долларының бағамы 520 теңгеге дейін артуы айтарлықтай көрсеткіш екенін, бірақ оның осыған дейін қай деңгейге дейін барып, қайта кері кеткен кезіне де көз жүгіртуге кеңес береді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Соңғы күндері қор биржасында сауда-саттық 515-517 теңге деңгейінде жабылып жүрді. Абсолютті және пайыздық сипатта жалпы бұл көп көрсеткіш емес. Бұған ықпал етуші негізгі факторлар - демалыс маусымының басталуы. Өздеріңіз білетіндей, бізде жазда жеке тұлғалар тарапынан шетел валютасына деген сұраныс артады, әдетте маусым айында долларға, белгілі бір дәрежеде еуроға да. Бұл - біріншіден", - деді Тимур Сүлейменов.

Екінші маңызды фактор – бюджеттік және квазимемлекеттік бағдарламаларды іске асырыла басталуы.

"Өздеріңіз білетіндей, бюджеттік рәсімдер мен мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне байланысты бюджеттен бөлінетін ақша  бюджет әкімшілеріне, яғни оларды іс жүзінде жұмсайтындардың қолына маусым айында тиеді.  Тиісінше, қазір инвестициялық жобаларды іске асырудың белсенді кезеңі басталды. Олардың көпшілігі жабдықтар, қосалқы бөлшектер және т.б. импорт тауарлар ала бастайды, сондықтан біз сауда-саттық деңгейінің жоғарылауының куәсі боламыз. Соңғы бірнеше күнде сауда-саттық көлемі айтарлықтай өсті. Егер өткен аптада орташа тәуліктік көлем 240-250 млн болса, осы аптада 300-330 миллионнан астам болды", - деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ ол Ұлттық Банк бағамның одан әрі арттатындай себептер байқамайтынын да атап өтті.

"Әрине, біз болжам бере алмаймыз, бірақ бұл ретте мен екі негізгі факторды атай кеткім келеді. Басқа макроэкономикалық факторлар тұрғысынан, ішкі экономикада бәрі тұрақты, экономика өсуде. Сыртқы факторларға қатысты қазір ешкім болжам жасай алмайды. Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс аясында мұнай бағасының өсуі және Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімге қауіп төнуі оң фактор болып табылады. Қазір Brent маркалы мұнайдың бір баррелі шамамен 77 доллар болады. Бұл бағаның қанша уақытқа созылатынын ешкім білмейді. Бірақ қазіргі уақытта бұл біз үшін оңтайлы, өйткені Қазақстан экспорттаушы ел. Сондықтан біз шетел валютасы бағамының күрт өсіміне ықпал етуші  алғышарттарды көріп отырған жоқпыз", - деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Айта кетсек, күні кеше ақша айырбас орындарында 1 евро 605 теңгеден сатылып жатқанын, доллармен қатар еуро бағамы да күш алуда екенін жазғанбыз


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар