2025 жылдың 22 шілдесінде апелляциялық сот алқасы Ақмарал Төкен мен Ұлттық банк арасындағы азаматтық дауды қарады. Ұлттық банк магистратурада оқу туралы келісімшарттың шарттары бұзылды деп есептеп, жас маманнан 17 млн теңге өндіріп алуды талап етіп отыр. Ал жауапкер келісімшартты орындауға өзі ниетті болғанымен, банк мүмкіндік бермеді дейді. Бұл туралы ол Курсив медиа басылымына мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлттық банктің уәжі
Бірінші инстанция соты Ақмарал Төкеннен 17 млн теңге көлемінде шығын өндіру туралы шешім шығарған. Талапкер тараптың айтуынша, банк магистратура студенттеріне оқу ақысын төлеп, ай сайын стипендия ретінде 700 мың теңгеден астам қаражат берген. Шартқа сай, түлек оқуын аяқтаған соң банк ұсынған бос жұмыс орнына орналасып, үш жыл жұмыс істеуге міндетті болған. Егер бұл талап орындалмаса, банкке жұмсалған шығынды қайтаруы тиіс.
Алайда Ақмарал Төкен бұл сомамен келіспейді. Оның айтуынша, нақты алған стипендиясы 130 500 теңгені ғана құраған. Ол Ұлттық банкте 10 ай жұмыс істеген, бірақ бұл мерзім келісімшарттағы үш жылдық міндеттемені орындау ретінде есептелмеген.
Жұмыс барысындағы жанжал
Апелляциялық сот отырысына жауапкер жұмыс істеген департамент басшысының орынбасары қатысты. Алайда ол бірінші сатыдағы сотқа қатыспаған.
"Ақмарал Төкенмен кісімен бірге көптеген магистрантты жұмысқа алдық. Бәрімен бір жылдық шартқа қол қойдық. Кейбірімен үш айлық сынақ мерзімін енгіздік. Ақмарал Төкенге ешқандай үш айлық мерзім қойған жоқпыз. Себебі ол кісілердің біліктілігіне сендік. Алайда жұмыс барысында көптеген мәселе туындады. Жауапкер біздің Ұлттық банктің корпоративтік мәдениетінің қағидаттарын ұстанбау фактілері бар. Оны дәлелдей аламыз. Куәгерлер бар", – дейді талапкер тарабы.
Айтуынша, жауапкер жұмыс істеген кезде жиі жанжал шығарған.
"Бұл кісі біздің еңбек шарттарын орындамады, конфликтіге барды. 29 наурызда арыз түсіріп, бір күн ішінде бала қарау бойынша еңбек демалысына кетемін деді. Заң бойынша біз оны бердік. Жұмысы біткен жоқ, өзі АҚШ-қа барып келді. Сол кезде бұл кісінің Ұлттық банкте жұмыс істеуге мүдделі емес екенін байқадық. Сол себепті заңды құқығымызды пайдаландық", – деді Ұлттық банк қызметкері.
Содан кейін судья 17 миллион теңге көлеміндегі талап арыздан бір жылдық еңбек өтіліне сәйкес келетін соманы шегеруге бола ма деп сұрады. Алайда банк өкілі мекеме декреттік демалыстағы анадан талапты толық көлемде өндіріп алуға ниетті екенін айтты.
Ақмарал Төкеннің уәжі
Екі баланың анасы Ақмарал Төкен 2019 жылы Maqsut Narikbayev University-ді тәмамдаған, Duke University (АҚШ) және Льеж университетінде (Бельгия) білім алған. Қазір Астанадағы МNU университетінде аға оқытушы болып жұмыс істейді.
"Декреттік демалыста отырғанымда еңбек шартының мерзімі аяқталуына байланысты оны тоқтату туралы хабарлама алдым. Сонымен қатар Ұлттық банк оқу шығыны ретінде жұмсаған 17 144 419 теңгені өтеу туралы талап жолдаған. Мен міндеттемелерден бас тартқан жоқпын. Келісімшарт бойынша жұмыс істеу міндетін орындау үшін оны ұзартуды бірнеше рет жеке және e-Otinish арқылы жазбаша түрде сұрадым. Алайда мен декреттен шыққан күні-ақ келісімшартты тоқтатты", – деді Ақмарал Төкен KursivMedia тілшісіне берген сұхбатында.
Кейінірек Ұлттық банк оқу шығындарын толық көлемде өтеу туралы талап арыз берген.
Төкеннің айтуынша, бірінші сатыдағы сотта Ұлттық банк өкілдері оның біліктілігіне немесе жұмысының сапасына ешқандай шағымдары жоқ екенін айтқан.
"Бірінші сатыдағы сот менің келісімшарт талаптарын орындауға мүмкіндігім болмағанына қарамастан, банктың талабын қанағаттандырды", – деді Ақмарал Төкен.