Еліміздің 20 өңірінде бір уақытта жасанды интеллект бойынша «Decentrathon 4.0» атты хакатон өтіп жатыр. Shymkent Hub орталығында да дарынды жастар бас қосып, бағын сынауда,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл - ауқымды іс-шара. IT саласындағы талапты жастардың басын қосатын сайыс.
Шымкент хабтың аймақтық менеджері Құрманғазы Мұратовтың айтуынша, кезекті хакатонға IT саласына қызығушылығы бар 171 команда қатысып жатыр. Олар жасанды интеллект, блокчейн тақырыптары бойынша тапсырмаларды орындап, жаңа жоба жасап шығуы керек. Қатысушылар өзекті мәселелердің жаңа шешімдерін, инновациялық идеялар ұсынуы тиіс.
Хакатонның жалпы жүлде қоры - 50 мың АҚШ доллары.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте Орта Азияда алғаш рет әлемдік блокчейн индустриясының ең ірі хакатондарының бірі – Decentrathon 2 өткен еді. Одан бері де қалалық цифрландыру басқармасының қолдауымен түрлі іс-шаралар, форумдар өткізілуде.
Кезекті хакатон сайысы да IT саласын дамытуға өз септігін тигізбек.