Freedom Inside '26

Алматыда сәбиін көтеріп, курьер болған ана Шымкентке көшіп кетті

Алматыда сәбиін көтеріп, курьер болған ана Шымкентке көшіп кетті
ашық дереккөзден

Баласын көтеріп, курьер болып жүрген ана Алматыдан Шымкентке қайта көшіп кеткен. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Вице-министрдің айтуынша, отбасының мұндай шешім қабылдауына нақты не себеп болғаны белгісіз.

"Себебін білмейміз, отбасылық келісімдер болуы мүмкін. Бәлкім, ата-анасы қайта шақырған шығар, ол жағын нақтыламадық. Бірақ білетінім, кеше ғана Алматы мен Шымкент әкімдіктерінен сұрадым, олар бұл ақпаратты растады", – деді Ербол Тұяқбаев тілшілерге.

Сондай-ақ ол жас отбасының Шымкентке көшуіне министрлік немесе мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай ықпал болмағанын атап өтті.

"Мемлекет ұйымдары тарапынан еш қысым болған жоқ", – деді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде сәбиін көтеріп, курьер болып жұмыс істеп жүрген ананың видеосы кең таралып, қоғамда қызу талқыланған еді.