Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының ұйғарымы негізінде әуежайлар аумағындағы коммерциялық қызметті жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді кәсіпкерлерге жалға берілетін коммерциялық орындар бірыңғай конкурстық тәртіппен ұсынылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мұндай өзгерістер мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижесінде қабылданған. Тексеру Астана қаласында өткізілген.
Аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата Көлік министрлігіне әуежайлар (әуеайлақтар) аумағындағы әуежай қызметіне жатпайтын қызмет түрлеріне қол жеткізу және қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер енгізуді тапсырды.
Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орындарына, азық-түлік сататын автоматтарға және багажды қаптау қызметіне арналған жалға беру алаңдары енді тек конкурс арқылы бөлінеді.
Палатаның мәліметінше, конкурстық іріктеу барлық әлеуетті жалға алушылар үшін ашық әрі тең мүмкіндік қалыптастырады. Сонымен қатар қызмет көрсетушілерді негізсіз таңдаудың тәуекелін азайтып, әуежай мүлкін тиімді пайдалануға жол ашады.
Сондай-ақ ең тиімді ұсыныстарды іріктеу әуежайлардың жалға беруден түсетін өзіндік кірісін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоғары аудиторлық палата аудит нәтижесінде берілген өзге де тапсырмалар мен ұсынымдардың орындалуын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.