Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында автоматты тіркеу жүйесі жол қозғалысы ережесін бұзудың 7,2 миллион дерегін анықтады. Жиналған айыппұлдардың жалпы сомасы 82,8 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға көп.
Бірінші кредит бюросының дерегінше, ереже бұзушылықтардың басым бөлігі һжылдамдықты асыруға қатысты – 4,3 миллион жағдай (+7% ж/ж). Сондай-ақ, жол белгілері мен таңбаларын елемеу де айтарлықтай жиі тіркелген – 2 миллион дерек (+46% ж/ж). Екі санаттың үлесі барлық заңбұзушылықтардың 89%-ын құрап отыр.
Айыппұлдар құрылымында «Тоқтау немесе тұраққа қою ережесін бұзу» (+128%, 447 мың дерек) және «Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету» (+183%, 361 мың дерек) баптары да ерекше көзге түсті. Осы екі құқықбұзушылық жалпы көрсеткіштің шамамен 11%-ын беріп отыр.
Жалпы айыппұл сомасының 82,8 млрд теңгесінің 70,2 млрд теңгесі өндірілген.
Бас прокуратураның дерегінше, биылғы жылдан бастап ауыр жүк көліктерінің салмақ параметрлерін бақылау күшейтілген. Соның нәтижесінде 5 мыңнан астам артық жүктеме фактісі тіркелді.
Билік 2026 жылға дейін автоматты тіркеу жүйесін кеңейтіп, автоматты салмақ өлшеу кешендерінің санын қазіргі 50-ден 220-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.