Павлодарда прокуратура өкілі алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Қаракөз Амантай 13 қыр. 2025 09:00

Павлодар облысы прокуратурасының ішкі қауіпсіздік бөлімі өңірлік ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратура қызметкеріне қатысты тергеу амалдарын қолға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, Павлодар қаласының тұрғыны аталған қызметкердің алаяқтық әрекетіне байланысты шағым түсірген. Соған орай жедел-тергеу шаралары басталған.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.

Еске салайық, бұған дейін ақтаулық прокурор Ерболат Абдиров қамауға алынған еді.

“Ақ Жайық” басылымы Абдировтың ұсталуына масаң күйде жанжал шығаруы себеп болғанын жазды.

“Ақтау қаласының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Ерболат Абдировты Алматы әуежайында ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ұстады. Оқиға оның демалыс кезінде Астанадан келген рейстен кейін орын алған”, – делінген хабарламада.

Берілген мәліметке сәйкес, Абдировқа қатысты ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі (алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) және 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық: қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, азаматтарға тіл тигізіп тиісу және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Кейін Ақтаудағы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттың қаулысына сәйкес, прокурор Ерболат Әбдіровке қатысты іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар