Табиғаттың тылсым қойнауында көзге көрінбейтін қауіптер аз емес. Солардың бірі - туляремия атты жұқпалы ауру.Тарихта талай халықтың басына бұлт үйірген бұл дерт бүгін де өзекті. Аталған індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Соңғы жаңалықтарға үңілетін болсақ, Павлодар облысында «кіші оба» деп аталатын туляремияның екі жағдайы тіркелді. Ендеше, туляремия дегеніміз не? Оның белгілері, таралу жолдары, сақтану шаралары қандай? Осы сұрақтарға ТОО «Green Clinic» эпидемиолог дәрігері Байгулова Гульдана Біләлқызы жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Туляремия: «Кіші оба» және оның қауіптілігі туралы
«Туляремияны жиі «кіші оба» деп айту себебі осы аурудың клиникалық көрінісі обамен ұқсас болуында. Туляремия және обада да дене қызуы көтеріліп, улану белгілері айқын болады. Лимфа түйіндері қабынып, кейде өкпенің қабынуына да әкелуі мүмкін. Сыртқы көрінісі бойынша науқас обаға шалдыққан адамға ұқсайды. Бұл аурудың қоздырғышының жұқпалылығы жоғары. Бұрын оба сияқты аса қауіпті инфекция қатарына жатқызылған. Аурудың ағымы жеңіл емес- дер кезінде ем қабылданбаса, ауыр асқынуларға ұласып, тіпті өлімге душар етуі мүмкін. Дегенмен, өлім-жітім көрсеткіші оба дертімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. ХХ ғасырда туляремияны алғаш зерттей бастағанда, оны «кіші оба» деп атаған. Бұл атау аурудың қауіптілігін, клиникасы мен эпидемиологиясы бойынша обамен ұқсастығын көрсету үшін қолданылған, бірақ өлім-жітімі анағұрлым төмен»,- дейді эпидемиолог дәрігер.
Туляремия қалай білінеді? Оның негізгі белгілері қандай?
«Туляремияның алғашқы белгілері тұмауға ұқсайды:дене қызуы көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы пайда болады. Кейін лимфа түйіндері үлкейіп, ауырсынуы мүмкін, кейде теріде ойық жара шығады. Аурудың түріне байланысты көз, тамақ, өкпе де зақымдалуы ықтимал.»
Инфекция қандай жолдармен жұғады? Қай адамдар қауіп тобында?
«Туляремияның жұғу жолдары бірнеше:
Трансмисивті яғни кене, маса, сона шаққанда;
Контактты- жабайы кеміргіштермен немесе олардың терісін өңдеумен байланыста болғанда;
Алиментралы- туляремия қоздырғыштарымен ластанған су ішкенде немесе азық-түлік арқылы;
Қауіп тобына, ең алдымен, ауыл шаруашылығында еңбек ететін жандар, аң мен балық аулауды кәсіп еткендер, орман ішін мекен еткендер, сондай-ақ табиғат аясында жиі болатын азаматтар жатады.»,- дейді эпидемиолог маман.
Халыққа қандай алдын алу шаралары ұсынылады?
«Туляремия аурулары көбіне табиғи ошақтық аурулар болып есептелінеді және туляремия ауруы бойынша Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарында тіркеліп отырады. Әрине белгілеп кету керек, туляремия ауруы бойынша қауіп топтары бар. Оларға Отанымызда жоспарлы түрде егу жұмыстары жүргізіледі, алайда, мен, эпидемиолог-дәргіер ретінде, ерекше тоқталып өткім келетіні- табиғат аясында демалуды ұнататындар мен аңшылықпен айналысатындар үшін сақтық шараларының аса қажет екені. Табиғатқа шыққанымызда кенеден сақтану қажет, ол үшін қорғаныш киім киіп, яғни жабық, ашық түсте болса (кене жабысқанын көру үшін), арнайы репеллентер (жәндіктерден дәрі) қолданып, қайнамаған суды ішпей, жабайы жануарлардың өлексесіне тимеу, ал кене шаққан жағдайда тез арада емханаға қаралу- басты ережелер. Мұндай жағдайда жергілікті емханада арнайы тексеруден өтіп, арнайы ем шара жүргізілу қажет. Өз уақытында тез ем шара жасау адам өмірін сақтауды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ жалпылама шаралар да бар: ауылдық жерде санитарлық тазалықты сақтау, бұл- індеттің алдын алудағы басты қадам. Себебі, туляремияның негізгі таралу көзі- кеміргіштер мен кенелер, сондай –ақ сона сияқты қан сорғыш жәндіктер. Туляремиялық жағдайды үнемі эпидемиологиялық бақылауда ұстау, дезинсекция және кеміргіштерге қарсы дератизациялық шаралар жасау маңызды. Әрине, бұл шаралардың нәтижелі болуы үшін халық арасында түсіндіру және санитарлық- ағартушылық жұмыстарын жүргізу- аса маңызды»,- дейді эпидемиолог дәрігер.
Эпидемиолог-дәрігер Гүлдана Біләлқызы: «Туляремияның алдын алу- қарапайым сақтықтан басталады»
«Туляремияның қаупі ең жоғары кезең-жаз және күз айларында. Яғни, кенелер мен масалар белсенді кезеңде. Туляремияны алғашқыда тұмауға ұқсайтындықтан ажырату қиын. Нақты диагноз зертханалық талдау (ПТР, серология) арқылы бірнеше күн ішінде қойылады. Туляремияның негізгі емі- антибиотиктер (стрептомицин, гентамицин, тетрациклиндер). Дер кезінде басталса, ем нәтижесі өте жақсы, науқастар толық жазылады. Ауру жағдайлары анықталса, карантиндік шаралар қарастырыла ма? Деген сұраққа жауап берсем, арнайы карантин енгізілмейді, өйткені адамнан адамға жұқпайды. Бірақ науқастар ауруханаға жатқызылады, байланыста болған адамдар бақылауда болады. Туляремияға қарсы вакцина бар. Қазақстанда туляремия сирек тіркеледі. Негізінен Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында табиғи ошақтары бар. Ауру көбіне жекелеген жағдайлар түрінде кездеседі», - дейді эпидемиолог дәрігер.
Ең бастысы- әр азамат «сақтансаң- сақтайды» деген қарапайым қағиданы ұмытпауы тиіс. Табиғатпен үндесе отырып өмір сүру- оған құрметпен қарап, сонымен қатар, ондағы қауіптерден де қорғана білуді талап етеді. Саналы сақтық- сау болашақтың кепілі.