Павлодарда 2 мыңнан астам мұғалімнің жеке деректері тарап кеткен

Павлодарда 2 мыңнан астам мұғалімнің жеке деректері тарап кеткен
Фото: freepik

Павлодар қаласында білім саласының 2 мыңнан астам қызметкерінің жеке деректері тарап кеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.

Прокуратураның мәліметінше, қала мектептері медициналық тексерулерге арналған сатып алуларды жариялау кезінде конкурс құжаттарына артық ақпаратты енгізіп жіберген. Нәтижесінде құжаттар ішінде қызметкерлердің анкеталық мәліметтері, тұрғылықты мекенжайлары мен телефон нөмірлері жарияланып кеткен.

Осылайша 2065 адамның жеке дерегі кез келген адамға қолжетімді болған. Қадағалау органы бұл жағдайдың заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар қауіп төндіретінін атап өтті. Себебі мұндай ақпаратты алаяқтар өз мақсатында пайдалануы мүмкін.

Тексеру қорытындысы бойынша барлық деректер ашық қолжетімділіктен алынып тасталды. Ал кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, 27 сәуірде Алматы мен Астанада қазақстандықтардың жеке дерегін сатып жүргендер анықталған болатын. Тергеу материалдары бойынша қылмыстық іске қатысушылар заңсыз жолмен алынған ақпаратты интернет желісінде сатып келген.