Ұлттық банк 14 күн бойы валюталық интервенция жүргізген - Тимур Сүлейменов

Кәмшат Тілеухан 29 қар. 2024 13:07 749

Қазақстан Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 29 қарашада өткен брифингте 15-29 қараша аралығында - 14 күн бойы интервенция жүргізгендерін, оның көлемі 1 млрд долларды құрағанын жеткізді. Қазір бұл процесс тоқтатылған, Ұлттық банк жақын арада валюталық интервенциялар жүргізуді жоспарлап отырған жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ол Ұлттық банк ақша айырбас бағамының деңгейін айқындауды мақсат етпейтінін баса атап өтті.

"Бізде нарықтың өзі сұраныс пен ұсыныстың балансы негізінде доллардың бағамы қандай болатынын анықтайды. Біз нарықта ойыншы ретінде әрекет етеміз,  Ұлттық қордан бөлінген трансферттерді айырбастаймыз, кейде ақша сатып аламыз. Бірақ кез-келген курс, мейлі ол 500, 490, 510 теңге болсын, біз оны таргеттемейміз. Біз өз қалауымызбен интервенция жүргізбейміз, нарықта аяқ-асты дүрбелең туындағанда оны тыныштандыру үшін, яғни қажет болғандықтан араласамыз", - деді Тимур Сүлейменов.

 Сонымен қатар, ол нарықта бір аптадан астам уақыт бойы ешкім доллар сатпағанын, нәтижесінде сыртқы экономикалық қызмет субъектілері үшін өтімділікке үлкен сұраныс қалыптасқанын атап өтті.

"Біз интервенциялар жүргіздік. Қазір оны тоқтаттық және қазіргі уақытта курс таза нарықтық факторлардың әсерінен қалыптасуда. Жоғарыда атап өткенімдей, егер күрт өзгерістер, спекульятивтік әрекеттер, негізсіз іргелі немесе нарықтық өсу факторлары болмаса, біз араласпаймыз (валюталық интервенциялар жүргізбейміз)", - деді Тимур Сүлейменов.

Ол жүргізілген валюталық интервенция көлемін де атап өтті.

"Ұлттық банк интервенцияны соңғы рет 2022 жылдың мамырында, яғни 2,5 жыл бұрын өткізген. Бұл инфляцияның күрт өсімі және ақша бағамындағы тұрақсыздыққа байланысты болды. Оның объективті себебі болды, Украинадағы соғыспен байланысты. Біз интервенцияны 2024 жылдың 15-16 қарашасынан бастап, кешегі күнге дейін жүргіздік: 1 миллиард долларға. 15-29 қараша аралығында - 14 күн бойы. Оған дейін интервенция жасамадық. Бұл біздің соңғы 2,5 жылда жасаған интервенциямыз", - деп сөзін түйіндеді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетсек, Ұлттық банк қор биржасында валюталық интервенция жүргізіп жатқанын, алдымен сарапшылар болжады. Ал Ұлттық банк мұны теңге құнсызданғанда кеше растады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар