Ұлыбритания ресейлік серіктестерге қысымды күшейтті

Самал Асқар 19 ақп. 2026 19:57

Ұлыбритания Ресеймен әріптестік орнатқан елдердің бизнесіне банк секторына қолжетімділікті шектеу арқылы қысым жасап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресейдің Лондондағы елшісі Андрей Келиннің айтуынша, Лондон үшінші елдермен ресми кездесулерде «сақ әрі позитивті күн тәртібін» ұстанғанымен, жабық форматта керісінше әрекет етеді.

«Британдықтар біржақты шектеулер құралдарын, соның ішінде бізге достық ниеттегі елдердің бизнес өкілдеріне қарсы пайдаланып отыр. Ең алдымен оларды өздерінің банк жүйесі мен қызмет көрсету секторынан айырады. Бопсалау, қорқыту, алдау және ұсақ пара беру тәсілдерін қолданады», – деді Келин.

Оның сөзінше, Лондон ресейлік серіктестерге «қазір Мәскеумен ынтымақтастықтан бас тартсаңдар, болашақта инвестиция аласыңдар» деген уәде береді.

«Шын мәнінде ондай инвестициялар болмайды. Қаржы жоқ. Барлығы Украинаға немесе ірі сауда державаларына бағытталып жатыр», – деп атап өтті елші.

Келиннің мәліметінше, премьер Кир Стармер үкіметі шектеулерді үш бағытта күшейтіп отыр. Ақпан айына қарай санкциялық тізімге енгізілген танкерлер саны 540-қа жеткен. Сонымен қатар Түркия, БАӘ, Таиланд және Сингапурдағы жеткізуші желілерге қысым артқан. 2025 жылғы қазанда Лондон Қытайдағы төрт мұнай терминалына және үнділік Nayara Energy Limited компаниясына санкция салды. Бұған дейін бірнеше қазақстандық және қырғызстандық компаниялар да шектеуге іліккен.

9 ақпанда Ұлыбританияның қаржылық санкцияларды жүзеге асыру басқармасы жаңартылған ұсынымдар жариялады. Британдық шенеуніктер БАӘ, Түркия және Үндістан қаржы институттарымен тұрақты консультациялар өткізіп, Ресейге қарсы санкциялардың сақталуын талап етуде.

Еуропалық одақ та осы бағытта әрекет етуде. БАҚ мәліметінше, жаңа санкциялық пакетке Индонезия мен Грузия порттарына қатысты шектеулер енгізілуі мүмкін. Еурокомиссия «Известия» басылымына еркін сауда туралы келіссөздер барысында санкция режимін сақтау мәселесі талқыланатынын растаған.

Сарапшылардың пікірінше, Ұлыбритания техникалық тосқауылдар, стандарттар мен таңбалау талаптарын енгізу арқылы да сауда серіктестеріне қысым көрсете алады. Сонымен қатар Лондон FATF және G20 секілді халықаралық қаржы институттарындағы ықпалын капитал қозғалысын бақылау үшін пайдаланып отыр.

Бұл үрдіс геосаяси текетірестің экономикалық майданға ауысқанын көрсетеді. Ресейге қарсы санкциялық қысым тек Мәскеуге ғана емес, онымен жұмыс істейтін үшінші елдердің бизнесіне де әсер етуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove