Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 1000 теңгелік жаңа банкнота айналымға шығарылады

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 1000 теңгелік жаңа банкнота айналымға шығарылады
ҚР Ұлттық Банктің баспасөз қызметі

Қазақстан Ұлттық Банкі 2025 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады. Айта кетсек, банкноталардың таралымы 5 миллион данамен шектелген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"9 мамыр – бүкіл әлем үшін айтулы күн. Қазақстан Жеңіске қомақты үлес қосты. Республикадан 1,2 миллионға жуық адам майданға жұмылдырылды, бұл сол кездегі жалпы халықтың шамамен – 20%-ы. Отандастарымыз жаяу әскерде, танк бөлімшелерінде, авиация мен флотта ерлікпен шайқасты. Қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту үшін Ұлттық Банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғалы отыр", делінген хабарламада.

Банкноталардың түсі – қоңыр-сарғылт. Онда Отан үшін жан қиған батырларға көрсетілген құрмет белгісі – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Даңқ мемориалы бейнеленген. Сондай-ақ мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар көрінеді. Тырналар силуэті – жақсылық пен үміттің бейнесі – өмірді суреттейді.

Екінші бетінде тарихи мұрағаттық фотосуреттердің үзінділерімен бірге Қазақстан картасы бейнеленген. Сондай-ақ ерлік, табандылық пен батырлықтың символы ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген. Суреттерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап комитетінің "Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары архиві" РММ ұсынғаны нақтыланады.