"Ұлы дала жорығы" халықаралық марафоны: Қостанай тұқымды жылқылар ең жүйрік атанды

Қаракөз Амантай 16 мам. 2025 16:02 577

Қостанай тұқымды тұлпарлармен өнер көрсеткен Allur компаниясының командасы "Ұлы Дала жорығы" атты екінші халықаралық марафон-бәйгеде бірінші орын иеленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шабандоздар 500 шақырымдық қашықтықты 31 сағат 19 минутта еңсеріп, Қырғыз Республикасы, Венгрия, Иран, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасынан келген қатысушыларды қоса алғанда, 19 команданың ішінен үздік нәтиже көрсетті. Мәреге небәрі бес команда ғана жете алды. Екінші орынды Қырғыз Республикасы құрамасы, үшінші орынды Ұлытау облысының командасы иеленді.

Команданың ерекшелігі — барлық тұлпарлардың қостанай тұқымынан іріктелгені. Қостанай жылқысы – Қазақстанның ұлттық генофондына ресми түрде енген алғашқы отандық спорттық бағыттағы тұқымы. ХХ ғасырдың ортасында өсірілген бұл тұқым төзімділігімен, физикалық қуатымен және еліміздің қатал климаттық жағдайына бейімділігімен ерекшеленеді.

Бұл ерекше тұқымды сақтау мен дамыту тек ғылыми қолдауды ғана емес, сонымен қатар бизнестің белсенді қатысуын қажет етеді. Қазақстандық Allur автокөлік компаниясы асыл тұқымды жылқы шаруашылығын жүйелі түрде қолдап келеді. Бұл жұмыс салалық ғылыми институттармен және Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылуда. Өңірдің генетикалық қорын сақтау ісінде әкімдік те маңызды рөл атқарып отыр.

"Бүгінде біз тек өндірістік қызметпен шектелмейтін ұлттық бастамаларды қолдай алатынымызға мақтанамыз. Біздің тұлпарлардың марафонға қатысуы – жай ғана спорттық жетістік емес, қостанай тұқымын сақтау мен оның ұлттық генетикалық қор ретіндегі маңызын арттыруға қосылған нақты үлес. Бұл жұмысты біз корпоративтік миссиямыздың бір бөлігі ретінде қарастырамыз – отандық құндылықтарды сақтап, дамыту, еліміздің тұрақты болашағына үлес қосу", – деді Allur зауытының бас директоры Сырым Семейбаев.

Компания тарапынан көрсетілетін қолдау тек марафондарға қатысумен шектелмейді: тұрақты түрде жылқы ұстап-күту, жаттығулар ұйымдастыру, селекциялық жұмыстарға көмек көрсету және қоғам назарын тұқым мәселелеріне аудару да қолға алынған. Марафондағы жеңіс – бизнестің тұтас бір саланың болашағына оң ықпал ете алатынының дәлелі.

Мамандардың айтуынша, жоғары генетикалық және мәдени құндылығына қарамастан, қостанай тұқымының саны аз, жеке шаруашылықтардың қызығушылығы төмендеуде, сонымен қатар тұқымға тән ерекше сипаттар жойылып кету қаупі бар. Мұндай жағдайда жауапты бизнеспен әріптестік — тұрақтылықтың шешуші факторына айналуда.

"Ұлы Дала жорығындағы" бұл тұлпарлардың жеңісі – спорттық жетістік қана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы бизнестің елдің мәдени және биологиялық мұрасын сақтауда маңызды рөл атқара алатынын көрсетеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар