Украинаға көмек, Қазақстандағы русофобия: Абаев сұхбатында не айтты?

Көркем Алдабергенова 04 мам. 2024 16:00 5987

Қазақстанның Ресейдегі төтенше елшісі Дәурен Абаев TACC агенттігіне көлемді сұхбат беріп, Қазақстан мен Ресей байланысы, Украинаға көмек және елдегі русофобия туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Абаевтың сөзінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8-9 мамырда Мәскеуге барады.

Сонымен қатар, сұхбатта Дәурен Абаев Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Украинаға әскери құралдар жеткізіп жүр деген қәуесетке қатысты пікір білдірді.

"Иә, бұл расында қауесет. Оған өсек, фейк және жалған ақпарат ретінде қарау керек. Бірақ мұның өзін екіге бөліп қарастыруымыз керек деп ойлаймын. Ең алдымен фейктер мен тексерілмеген ақпараттарға қатысты. Адамдарда ненің қажет, ненің қажет емес екенін анықтай алатын ақпараттық гигиена болуы керек деп есептеймін.

Қазақстанға қатысты, иә, өкінішке қарай, ара-тұра қоғамдық ойды қалыптастыруға әсер ететін фейктерге тап болып жатамыз. Негатив ақпараттар ағыны болып жатыр, ерте ме, кеш пе оның да ізі қалады. Жалған ақпараттарға сенбеуге шақырамын. Қазақстан мен Ресей – одақтас елдер. Жоғары саяси деңгейде өте жақсы байланыс бар. Қалған ақпараттың бәрін тексеріп жүру керек", - дейді Абаев.

Сонымен қатар, Ресейдегі елші Қазақстандағы русофобияға қатысты әңгімелер де фейк екенін жеткізді.

"Русофобия туралы ақпараттар көбіне аноним телеграм арналарда тарап жатады. Мұның бәрі сандырақ. Қазақстанда русофобия жоқ. Қазақстанда 3 миллионға жуық этникалық орыс халқы тұрады. Енді елде русофобия барын елестетіп көріңізші. Ондай болған да емес. Неге? Себебі тарихымыз бір, менталитетіміз және мәдени кодымыз да ұқсас келеді", - дейді Дәурен Абаев.

Дәурен Абаев Астана мен Киев арасында әскери саласында да, қорғаныс саласында да байланыс жоғын айтты.

Сұхбатта Дәурен Абаев Қазақстан Армения мен Әзербайжан қақтығысына не үшін араласқанын түсіндірді.

"Қазақстан кез келген әлемдік процесте көмектесуге дайын. Ол тек Ресей мен Украинаға ғана қатысты емес, сондай-ақ Армения мен Әзербайжан, сириялық және ирандық проблематикаға да қатысты болуы мүмкін. Екі ел арасында делдал болу деген артық шығар, бірақ қандай да бір келісімге келу үшін алаң ұсынуға дайынбыз", - дейді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, елде бірқатар қызмет атқарған Дәурен Абаев 2023 жылдың 3 шілдесінен бері Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарып жүр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар