Украина президенті Владимир Зеленский Таяу Шығыс елдеріне дрондарға қарсы күрес тәжірибесін бөлісуге дайын екенін айтты. Алайда бұл көмек тегін болмайды. Киев мұндай қолдау үшін қаржы мен жаңа технологиялар алғысы келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Зеленскийдің айтуынша, Украина бірнеше сарапшы тобын Таяу Шығысқа жіберген. Мамандар Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Иорданиядағы америкалық әскери базаға барып, дрондарға қарсы жүйелердің жұмысын таныстырып, кеңес беріп жатыр.
Украина президенті аталған миссиялардың тек кеңес беру деңгейінде екенін ерекше атап өтті.
"Біз ешқандай әскери операцияға қатысып жатқан жоқпыз. Украина Иранмен соғысып жатқан жоқ", – деді ол.
Зеленскийдің айтуынша, мұндай тәжірибеге АҚШ, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдері қызығушылық танытып отыр.
Сонымен қатар Украина АҚШ-пен ұшқышсыз аппараттарға қатысты ірі келісім жасауды көздеп отыр. Зеленский бұл келісімнің көлемі шамамен 35–50 миллиард доллар болуы мүмкін екенін жеткізді.
