Украин дрондары Ресей әуежайларын әлі де үрейлендіріп тұр

Көркем Алдабергенова 22 қыр. 2025 14:42

Украина Мәскеу мен Мәскеу облысына дрондар арқылы шабуыл жасады. Ресей Қорғаныс министрлігінің дерегінше, барлығы 16 ұшқышсыз аппарат атып түсірілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дрон шабуылы салдарынан Мәскеудің барлық әуежайы – Шереметьево, Домодедово, Внуково және Жуковскийде әуе қатынасы уақытша тоқтады. Түн ішінде Тула қаласында да жарылыстар болды.

РФ Қорғаныс министрлігі өткен түнде ел аумағы бойынша 114 дронның жойылғанын хабарлады.

"Өткен түнде кезекші әуеқорғаныс күштері Украинаға тиесілі 114 ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсірді", – делінген Ресей қорғаныс ведомствосының 22 қыркүйек, дүйсенбі күнгі Telegram-арнасындағы хабарламасында.

Атап айтқанда, 25 дрон Ростов облысы үстінде, тағы 25 дрон Краснодар өлкесі аумағында жойылды. Сонымен қатар 19 дрон Белгород облысында, 13 дрон Астрахан облысында, 10 дрон аннексияланған Қырымда, 7 дрон Брянск облысында, 5 дрон Азов теңізі үстінде, 3 дрон Ярославль және 3 дрон Волгоград облыстарында, 2 дрон Қара теңіз үстінде, 1 дрон Курск және 1 дрон Воронеж облыстары аумағында атып түсірілгені нақтыланды.

Қырымның аннексияланған билігі атынан Сергей Аксенов түнгі уақытта Telegram-арнасында хабарлап, Форос кенті маңындағы дрон шабуылы салдарынан үш адам қаза тауып, он алты адамның жараланғанын мәлімдеді.

"Қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Оларға міндетті түрде қажетті көмек көрсетіледі", – деді ол.

Росавиация таңертең Иваново, Ярославль және Волгоград әуежайларында да ұшақ қабылдау және жіберу шектелгенін хабарлады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар