Иран Сыртқы істер министрлігі Украина тарапы Иран кемесіне жасалған шабуылдың кездейсоқ болғанын және Киевтің жағдайды ушықтыруды көздемейтінін жеткізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, Украина Сыртқы істер министрі ирандық әріптесін бұл оқиғаның әдейі жасалмағанына және Украинаның қақтығысты ушықтыру ниеті жоқ екеніне сендірген.
Сонымен қатар Иран да жағдайды шиеленістіруге мүдделі емес екенін атап өтті. Алайда Тегеран өз азаматтарына немесе ұлттық мүдделеріне қарсы жасалған кез келген әрекетке жол берілмейтінін және келтірілген шығынның өтелуі тиіс екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Иран СІМ Киевтің әрекеттеріне қатысты қатаң мәлімдеме жасап, «Киевтегі бұл әрекет жауапсыз қалмайды» деген болатын.