Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын өткізіп, Үкіметке халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Айталық, үшінші рет ұйымдастырылған Ұлттық құрылтай «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген атпен ұйымдастырылып, ел өміріне ықпал ететін маңызды мәселелер талқыға түсті.
Айтулы жиыннан кейін Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жетекшілігімен Үкіметтің кеңесі өтіп, құрылтайда көтерілген шараларды тез арада жүзеге асыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Осылайша, Ұлттық құрылтай еліміздегі мәдени-рухани мәселелерді талқылайтын ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық түйткілдердің түйінін тарқататын маңызды диалог алаңына айналғанына көзіміз жетті.
Осы ретте Dalanews.kz ақпараттық агенттігі Экономикалық зерттеулер институтының басқарушы директоры Бауыржан Мұқановқа хабарласып, Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелерді Үкіметтің қалай жүзеге асыратыны жайында аз-кем сұхбаттасқан еді. Енді соған назар аударсаңыздар.
– Бауыржан Ғалиақбарұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда халықтың тұрмыс жағдайын көтеру мақсатында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бастамасы аясында Үкіметке халықтың әл-ауқатын жақсартуды тапсырды. Бұдан жылына бір өтетін Ұлттық құрылтай маңызды диалог алаңына айналды деп айтуға бола ма?
– Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деп аталуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың тұрмыстық жағдайын жасқартуға бағытталған іргелі бастама екенін меңзейді.
Ал бұл бастаманың Атыраудағы жиында көтерілуінен ел өмірінде Ұлттық құрылтайдың өз орынын ойып тұрып алғанын байқаймыз.
Бұдан басқа, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бастамасының халықтың тұрмысын жақсартудағы әлеуметтік қырынан бөлек, оның халықтың ойлау жүйесін моральдық-психологиялық жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Алдағы уақытта ел азаматтары адал еңбек етіп, табысын адалынан табу моральдық құндылыққа айналса, еліміз қарқынды даму жолынан айнымасы анық.
Сондықтан бұл бастаманың әлеуметтік қырымен қатар, моральдық маңызы да тым жоғары екенін айтқым келеді. Осылайша, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен құрылтайда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бастамасы арқылы ел азаматтарына маңызды идеологиялық стратегия ұсынып отыр. Өйткені адалдық адам өмірі мен мемлекет негізін қалауда маңызды принцип екенін әрбір адам естен шығармауы тиіс.
Қазақстан экономикалық тұрғыдан қуатты елге айналуы үшін бірінші кезекте адалдық принципін ұстануы шарт. Сол кезде біз көздеген мақсат-мұратымызға қиналмай жететін боламыз. Еліміздің қуатты елге айналуы үшін ресурстық мүмкіндігі жеткілікті. Жетпей тұрғаны адалдық принципі еді. Енді ол да мемлекетіміздің маңызды идеологиялық бағдаршамына айналып отыр.
Алдағы уақытта Мемлекет басшысы ұсынған бұл идеологиялық бастаманы Үкімет жан-жақты дамытып, халықтың санасына сіңіру маңызды.
Ол үшін атқарушы билік пен әкімдіктер халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған шаруаларды сапалы түрде атқарып, халықтың сеніміне ие болуы керек. Сол кезде елімізде Президент ұсынған Адалдық идеологиясы тамырын тереңге жайып, ел дамуына серпін береді.
Осы ретте Президент ұсынған Адалдық принцпі қазақ қоғамына жат емес. Өйткені Президент ұсынған идея Абай атамыздың Толық адам концепциясымен үндес екенін айтқым келеді.
– Ұлттық құрылтайдан кейін Олжас Бектенов бастаған Министрлер кабинеті кеңес өткізіп, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бастамасын жүзеге асыру мәселесін талқылағанына куә болдық. Кеңес барысын бақылағанымызда Үкімет алдағы уақытта халықты баспанамен қамту мәселесіне баса мән беретінен байқадық. Білікті маман ретінде осыған дейін халықты баспанамен қамту жұмысына өз бағаңызды бере кетсеңіз.
– Халықты баспанамен қамту еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстың ешқашан толастамайтынын түсінуіміз керек. Иә, бұған дейінгі халықты баспанамен қамту жұмыстарында қателіктер кетті. Бұл ретте үлескерлердің алаяқ компанияларға алданып қалуын айтсақ та жетіп жатыр.
Өз басым бұдан Үкімет сабақ алды деп есептеймін. Алдағы уақытта халықты баспанамен қамту ісі Адалдық принципімен іске асуы керек. Бұған мемлекеттік деңгейде қабылдаған заңнамалар кепілдік беруі шарт.
БҰҰ-ның нұсқаулығы бойынша әр адамның тұрғынжайы 30 шаршы/метрден кем болмауы керек. Ал біздегі көрсеткіш дәл қазір 22,6 шаршы/метрді құрайды. Демек, Үкіметіміздің әлемдік деңгейдегі көрсеткішке ұмтылуы заңдылық.
– Тәуелсіздік жылдары үлкен қалаларда тұрғын үй мәселесі айтарлықтай оң шешімін тапты. Қалай ойлайсыз, енді қалалық жерлердегі тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды құрылыс компанияларына қалдырып, мемлекеттің бұл бағыттағы қаржысын моноқалалар мен ауыл-аудандарға бағыттауға бола ма?
– Иә, соңғы жылдары Астана мен Алматыда халық үшін көптеген тұрғын үй салынды. Әңгіме арасында Қазақстандағы халықтың баспанамен қамту мөлшері әр адамға шаққанда 22,6 шаршы/метр екенін айттық қой.
Бұл көрсеткішті еліміздің басты қалалары Астана мен Алматыға қаратып айтуға да болады. Ал моноқалалар мен өзге қалаларда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Сондықтан халықты тұрғын үймен қамту ісі алдағы оншақты жылға дейін маңызын жоймайтынын байқауға болады.
Бұған дейін елімізде моноқалаларды дамытуға қатысты мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асты. Мұның арқасынада тұрғын үйден бөлек, моноқалалардың коммуналдық шаруашылық саласы, халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсетілді. Өз басым қолға алынған бұл шаруалар өз жемісін берді деп айта аламын. Қазіргі таңда елімізде 27 моноқала бар. Онда 2 миллионнан астам халық тұрады.
Алдағы уақытта Үкімет еліміздегі кіші қалаларға да тиісті деңгейде көңіл бөлуі керек деп есептеймін. Дерек көздеріне назар аударсақ, бүгінде ел аумағында 41 кіші қалада 1,8 миллион халық тұратынын байқауға болады. Бүгінде кіші қалаларды дамыту ісі де кезек күттірмейтін маңызды істердің бірі. Бұл ретте халықтың қаншалықты тығыз қоныстанғанына баса мән беруіміз керек. Айталық, Алматы облысы бойынша алып қарасақ 2022 жылғы мәлімет бойынша, Райымбек ауданында баспанамен қамтуды бір адамға шағып қарағанда 15,9 шаршы/метр екенін байқауға болады. Ал Алматының іргесіндегі Талғар қаласында бұл көрсеткіш 25,4 пайызды құраса, облыс орталығы Қонаев қаласында 22,9 шаршы/метрді құрайды. Егер Үкімет халықты баспанамен қамту ісін қолға алған сәтте осы көрсеткіштерді басшылыққа алып, адалдық принципіне сай әрекет етуі маңызды.
Бұдан басқа, алдағы уақытта Үкімет еліміздегі миграциялық үрдістерге терең талдау жасау керек. Өз басым мұндай талдаулардың қорытындысы ел ішінде әлеуметтік теңсіздіктің алдын алады. Бұл бағыттағы зерттеулердің қорытындысы тек тұрғын үй мәселесіне қатысты мәселелерді шешіп бермейді. Сонымен қатар өндіріс пен ауыл шаруашылығына қатысты маңызды мәселелерді оң бағытта шешуге септігін тигізетініне сенімдімін.
– Бауыржан Ғалиақбарұлы, қай сала болмасын, осыған дейінгі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда кешенді зерттеу болмаған соң, біз ойлағандай нәтиже бермеді деп айтуға бола ма? Жалпы, маңызды мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың мехнизмі кешенді зерттеудің нәтижелеріне сүйенбей ме?
– Дұрыс айтасыз, кез келген дүниені іске асырмай тұрып, оны зерттеп-зерделеп алу маңызды. Есіңізде болар, еліміздегі ең алғаш тұрғын үй бағдарламаларын іске асырғанда тұрғын үйге қажетті құрылыс материалдарының көпшілігі өзімізде шықпайтыны үй бағасының құбылуына әсер етті. Осыдан кейін Үкімет қазақстандық үлес мәселесі күн тәртібіне шығып, елімізде құрылыс материалдарын өндіретін компаниялар пайда бола бастады. Әу баста қарапайым цементтің өзі тұрғын үй бағасына қаншалықты әсер еткені есіңізде шығар. Артынша, ел аумағында бірнеше цемент зауыты пайда болғаннан кейін бұл мәселе өздігінен шешілді. Қазіргі таңда «цемент тұрғын үй құрылысына қолбайлау болып отыр» деп ешкім айта алмайды. Сол сияқты үлескерлердің мәселесі еліміздегі құрылыс компанияларының сұрыпталуына және бұл бағыттағы заңнаманың жетілуіне септігін тигізді. Осы тұрғыдан алып қарасақ, қазір елімізде тұрғын үй құрылысын жүргізу ісі заңнамалық және материалдық тұрғыдан айтарлықтай дамығанын байқауға болады. Алдағы уақытта бұл іске Адалдық принципімен қарасақ, бұл саладағы жемқорлық пен өзге кемшіліктерді жоюға болады деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!