Үкіметтің пессимистік жоспары: Мұнайдың бір баррелі 60 долларға дейін "құлайды"

Кәмшат Тілеухан 27 қар. 2024 14:48 122

Үкімет 2025 жылғы бюджет жоспарында мұнайдың бір баррелі ОПЕК+ бекіткен 75 долларға сүйенеді, ал пессимистік жоспарында бұл көрсеткіш 60 долларды құрайды. Дегенмен бұл арада АҚШ әрекеті маңызды рөл атқаратынын Үкімет жоққа шығармайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"АҚШ-тың жаңа әкімшілігі қандай шаралар қабылдайды,оның нәтижесі І-тоқсанда білініп қалады. Меніңше, мұнай бағасына қатысты саясат теңгерімді сақтауға тырысады. Мұның бәрін бастан өткергенбіз. Өткенге көз жүгіртсек, егер мұнай бағасы айтарлықтай төмендесе, кейін ол күрт көтеріледі. Себебі оны өндіру керек, ол үшін мұнай кен орындарына үнемі инвестиция салу қажет. Инвестициясыз саланың өміршең болуы мүмкін емес. Ал инвестиция үшін мұнайдың теңгерімді бағасы қажет", – деді Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бүгінгі брифинг барысында.

Ол 2014 жылы игерілген мұнайдың бір баррелі 40 доллар деген бағам пессимистік жоспарда да қарастырылып отырмағанын айтты.

"Ал егер алда-жалда жағдай солай қалыптасса, онда экономиканың өсімі 4-4,5%-ға дейін баяулауы мүмкін", - дейді Байбазаров.

Айта кетсек, АҚШ-тағы президенттік сайлауда жеңіске жеткен Дональд Трамп сайлауалды науқан кезінде әлемдік мұнай бағасын 40 долларға дейін "құлатуға" бел буып отырғанын айтқан еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар