Жетісу прокурорлары мүгедектігі бар адамдар мен көпбалалы аналардың құқығын бұзған лауазымды қызметкерлерді жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы аналардың, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы» және басқа да марапаттарға ие болған аналардың жалақыларынан міндетті төлемдерді заңсыз ұстап отырған.
Прокуратура «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның талаптарына сәйкес азаматтардың аталған санаты үшін мұндай жарналарды мемлекет төлейтінін жеткізді.
Алайда, соған қарамастан, кейбір жұмыс берушілер тарапынан қолдауға мұқтаж 166 адамның жалақысынан 5,5 миллион теңгеденастам қаржы заңсыз ұсталғаны белгілі болды.
Жетісу облысы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша аталған азаматтардың бұзылған құқығы қалпына келтіріліп, заңсыз ұсталған қаржыны қайтару рәсімі басталды. Кінәлі лауазымды адамдар, оның ішінде екі ауылдық округтің әкімі мен бір мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – делінген прокуратура хабарламасында.